5.12.2022, 15:00
Оқылды: 47

Такси жүргізушілері мен курьерлер үшін салықты кімдер аударады

Онлайн платформалардың операторлары такси жүргізушілері мен курьерлер үшін салық төлемдері мен әлеуметтік жарналарды аударып отырады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасын таныстыру кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1

«Бұл саладағы проблемаларды шешу үшін Әлеуметтік кодекс жобасында 3 бағыт көзделген. Оның біріншісі – еңбек нарығын либерализациялау. Бұл – икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрін, соның ішінде платформалық жұмысты тануды білдіреді. Осы мақсатта «тәуелсіз жұмыскер», яғни табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға ұғымы енгізілген болатын. Егер тәуелсіз жұмыскер өз қызметін онлайн платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл адамдар ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс такси онлайн платформасына қосылған такси жүргізушілері, Glovo онлайн платформасына қосылған курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына кіргізіледі», - деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, бұл жұмыскерлер үшін онлайн платформасының опреторлары салық агенттері болып қаралып, арнаулы салық режимдеріне сәйкес, жұмыскерлердің пайдасына салық төлемдері мен әлеуметтік жарналарды аударып отыратын болады.

«Бұл жағдайда тәуелсіз жұмыскерлер жалдамалы жұмыскерлер сияқты республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік қордан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болады. Тиісті аударымдар болмаған жағдайда, оларға заңдарда белгіленген ең төменгі мемлекеттік кепілдіктер ғана беріледі», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, онлайн платформалар арқылы (Яндекс Такси, Яндекс GO және т.б.) жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі.

Бұл ретте салық агенттері рөлінде онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады. Олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале