6.12.2022, 12:30
Оқылды: 97

Адал кәсіп арманға жеткізді

Ағарғанның төресі сүттен 35 түрлі тағам дайындалады десек, соның бірі де бірегейі – құрт. Құрттың құрамы құнарлы, түрлі минералдар мен дәрумендерге бай, денсаулыққа пайдалы әрі ұзақ уақыт сақтауға төзімді екенін мамандар мәлімдемесінен белгілі. «Ғарыштық тағам» мәртебесіне ие болған жеңсік асты кезінде ғарышкерлер де, кеңестік кезеңде биліктің озбырына тап болып, ас-ауқатсыз қалған адамдар да талғажау етіп, өмірін жалғағанын тарихтан білеміз. Еңбектеген баланың да, еңкейген кәрінің де сүйіп жейтін асы құрт қаншама ғасырлардан бері өз қасиетін жоймай келеді.

IMG-20221206-WA0040

Бүгінде осы аталмыш ұлттық тағамды түрлендіре дайындап, кәсіп көзіне айналдырып отырған жандар жетерлік. Сондай еңбекқор жанның бірі ауданымызға қарасты Қараоба ауылында тұратын Айгүл Насырова есімді келіншек. Бүгінде 3 ұл, 2 қыз бала тәрбиелеп отырған аяулы ана Айгүл Жұмағалиқызы әулетіне, ауыл-аймағына ерекше еңбексүйгіштігімен, талмас табандылығымен танылған. Тіпті, құрт сатудан түскен 1 миллион теңгенің басын құрап, үстіне қосымша қаражат қосып темір тұлпарға қол жеткізгені тұрғындар таңданысын туғызбай қоймады. Төрт-түлік малдың сүтінен алынатын қандай да бір өнімнің шашауын шығармай, қаймақ-май, айран-көже, құрт-ірімшік дайындап сатып кәсіптің көзін тапқан кейіпкеріміз өзі қолға алған ісі жайлы сыр шертті.

IMG-20221206-WA0041

-  Жалпы, жолдасым екеуміз 2002 жылдан бері «Өмірзақ» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығымен айналысып келеміз. Өздеріңізге белгілі ата-бабамыз ежелден мал өсіріп, одан алатын өнімдер арқылы  жан баққан. Төрт түлік малдан алатын табиғи сүт өнімдері бүгінгі күні де үлкен сұранысқа ие. Алғаш кәсібімді ауыл тұрғындарына май-қаймақ, ірімшік секілді өнімдер сатудан бастадым. Кейіннен келе жеңсік ас, құнары мол  құртқа да сұраныс түсе бастады. Құртты тұрғындар көбіне той-домалақ, шілдехана кезінде көптеп алады. Ауыл-аймақтардан бөлек,  басқа қалалардан да  құртқа тапсырыстар көп келеді. Мысалы Атырау қаласының өзіне 50 келілік төрт қап құрт саттым. Бүгінде Шымкент қаласынан түрлі-түсті құрттарға тапсырыстар түсіп жатыр. Әрине, менің қолымнан шыққан өнімдерге халықтың көптеп қызығушылық танытуы мені шабыттандырады. Болашақта осы кәсібіме атау беріп, жаңа идеялар қосып, аясын кеңіткім келеді, – деген Айгүл Жұмағалиқызы өз арман-мақсатымен  бөлісті.

Расында, «Қолы қимылдаған жанға кедейлік жоқ» деген қанатты сөздің мән-мағынасын осындай жандардың еңбегіне қарап терең ұғынасың. Ешқандай несие, Үкімет қолдауақысын (субсидия) алмай тек шынайы еңбектің арқасында белді шаруа қожалықты дөңгелетіп отырған ер азаматтың жанында қолы тиген қайсы бір істің көркін келтіретін әйел адамның табылғаны көз сүйсіндіреді. Құрт сатудан түскен қаражатқа темір тұлпар сатып алды деп елді елең еткізген жаңалық жайында кейіпкеріміздің өзінен сұрағанда, ол риза пішінмен жымиып:

- Ия, бастаған ісімізге Алла берекесін дарытып құрт сатудан 1 млн теңгедей қаражат жинаған болатынбыз. Сол қаражаттың үстіне қосымша ақша қосып Нива маркалы автокөлік сатып алдық. Әрине, шаруашылыққа қажетті техниканың барлығы жеткілікті. Дегенмен, жол қатынасы үшін автокөлік алуды көптен ойлап жүрген едік. «Еңбек түбі – береке» деген мақал тегін айтылмаса керек. Еңбектің арқасында жолдасыма осындай бастамаларына қолдау көрсете алып отырғаныма қуанамын, - деді.

Үлкен бір әулетке келін болып түскен соң  атасы мен енесіне қызмет ете жүріп үй тірлігінің барлығына жаттығып, «шаруаға шебер Айгүл» атанған кейіпкерімізге кейде ауылдастары тарапынан түрлі тағамдар дайындау, торт пен тәтті бәліш пісіру, жайма жаю секілді жұмыстардан да тапсырыс түсіп отыратыны жасырын емес. Кәсіптің көзін тапқан кейіпкерімізге қарап, кей замандастарымыздың Үкіметке қол жайып, жәрдемақымен ғана жан бағып жүргенін көріп жаның қынжылады. Осы тұрғыда «Өзіңіз секілді үй шаруасындағы әйел-аналарға, жұмыс таппай жүрген жандарға берер кеңесіңіз бар ма?» деген сұрағымызға Айгүл Жұмағалиқызы:

– Ерінбей еңбектенген адамның ризығын Алла өзі береді. Сондықтан жоқтан бар жасап, жетістікке жете білу әр адамның өз қолында. Бүгінде әлеуметтік желі дейсіз бе, интернет дейсіз бе бәрі де қол жетімді. Үй шаруасындағы әйелдер не кәсіп үйренем десе де интернетте толып тұр. Әркім өз жанына жақын кәсіп түрін бастап, тәуекел деп іс бастаса ілкіде қиын болғанымен, кейін еңбегінің жемісін көре алады. Замандастарыма ойтүрткі болсын тағы бір жайды айта кетейін. Биылғы жыл мал азығын дайындау кезінде алынған 1000 рулон шөпті ешқандай мал шығындамай, таза осы май, құрт сатудан түскен қаражатпен алып отырмыз. Бұны да нағыз жетістік деп мақтанышпен айта аламын. Дендеріңіз сау, қол-аяқтарыңыз аман болса, сіздерде кәсіптің көзін тауып отбасы бюджетіне үлес қосып, ер азаматтарыңызға қолдау көрсете аласыздар! – деп кеңесін берді.

3

Осылайша атакәсіпті жаңғыртып, кәсіпке айналдырған Айгүл Жұмағалиқызы өз ісін одан әрі жаңғыртуды көздейді. Сапалы өнімге қашан да сұраныстың жоғары болатынын терең ұғынған кәсіп иесі, әрбір істе адалдықтан айнымауды мұрат тұтқан. Құрттың адам ағзасындағы ас қорыту жолдарының жақсы жұмыс істеуі мен тістің ағаруына, бүйректің қалыпты қызмет етуі мен сүйектердің берік болуына тигізер пайдасы мол. Бұл ретте әжеден анаға, анадан қызға беріліп, өз құндылығын жоғалтпаған ұлттық тағамдарды және ұмыт қалмауына үлес қосып жүрген жандар жайлы айтудан біз де шаршамаймыз. Пайдасы ұшан-теңіз ұлттық тағам қаймағы бұзылмаған қазақ халқының ұлттық бренді екені сөзсіз.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале