8.12.2022, 9:45
Оқылды: 51

Заманынан озық туған оғлан

Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Ленин, Қызыл ту, Қызыл  Жұлдыз  ордендері мен бірнеше медаль иегері, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген зоотехнигі, «Тайпақ» асыл тұқымды қаракөл кеңшарын 30 жыл басқарған білікті маман, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Жақия Исатаевтың туғанына – 100 жыл.

Заманынан озық туған оғлан (2)

Соған байланысты Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми- әмбебап кітапханасы «Заманынан озық туған оғлан» атты еске алу кешін ұйымдастырды. Бар өмірін ауыл шаруашылығына арнап, өңіріміздің атын алты қырдан асырған тұлғаның өмірі мен ел үшін еткен еңбегін ескеруге арналған іс-шараға Жақия Исатайұлының әріптестері мен көзін көрген жандар, студенттер қатысты.

Жақия Исатаев 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының  Шымқорған ауданында туған. 19 жасында екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, ол жақтан аман-есен оралған соң, Мәскеудегі Темирязев атындағы ауыл шаруашылығы  академиясына оқуға түсіп, зоотехник мамандығын алып шығады. 1952 жылы сол кездегі Орал облысындағы Тайпақ ауданындағы Тайпақ қой кеңшарының директорлығына тағайындалады. Ол еңбек еткен кезеңдерде совхоз асыл тұқымды Қаракөл кеңшарына айналған. Білікті басшы өз міндетін мінсіз атқарып, кеңшарды асыл тұқымды мал зауыты деңгейіне жеткізеді. Ол жерде өндірілген қаракөл елтірісі Ресейдің Ленинград, Германияның Лейпциг қалаларында өткен көрмелерге қойылып, Мәскеудегі Бүкілкеңестік халық шаруашылығы көрмесінде төрт мәрте алтын, бір мәрте қола медаль жеңіп алды.

Өмірін елге арнаған жанның құрметіне ұйымдастырылған кеште Жақия Исатайұлының көзін көрген замандастары мен артынан ерген іні-қарындастары және қыздары сөз алып, тұлғаның жақсы қыры мен ел үшін еткен еңбегі төңірегінде әңгіме қозғады.

– Исатай ағамыз шаруашылықта 30 жыл жұмыс істеп, артта қалған Тайпақ шаруашылығын алдыңғы қатарлы зауытқа айналдырды. Селекциялық жұмыстарды жүргізудің нәтижесінде Қаракөл шаруашылығын көк, сұр шаруашылыққа айналдырып, Самарқандта өткен әлемдік симпозиумда бірінші орын алды. Оның ел үшін еткен басқа да ерлікке пара-пар ісі көп. Сондықтан оны еске алу кешіне жастардың көптеп келгені қуантады. Бүгінгі ұрпақ ондай азаматтар жайында біліп жүруі керек, – деді  еңбек ардагері Әленғали Кереев.

Одан соң Жақия Исатаев білікті басшы ғана емес, қамқор аға, ізетті іні бола білгенін айтқан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Тілес Жазықбай оның жергілікті кардрларды тәрбиелеу ісіне ерекше көңіл бөлгенін, жастарды орта, жоғары оқу орындарына жолдамамен оқытып, қызметке баулығанын еске алды.

– Ойы жүйрік, әзіл сөзге шебер, ұста, адамның ішкі жан дүниесін терең білетін, сезіне білетін, оны айтуда да келістіріп айта білетін азамат ағамыздың ісі ел жадында мәңгі қалары сөзсіз. Оны ұлықтай түсу үшін Жақия Исатайұлына көше аты берілуі керек, – деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тілес Жазықбай.

Заманынан озық туған оғлан (1)

Одан кейін  Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері Жақия Исатаевтың қызметтестері мен көзін көрген журналист Есенжол Қыстаубаев, ұстаз Құттығыз Алтаева, «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» Меңзипа Жұматова және қызы Роза Исатаева сөйлеп, ерен тұлғаны еске алу кешін ұйымдастырған жандарға ризашылықтарын білдірді.

 

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале