9.12.2022, 16:45
Оқылды: 31

«Тең құқықтар - тең мүмкіндіктер»

Теректіде осындай атаумен  “Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы” қоғамдық бірлестігінің Теректі аудандық филиалы мен  аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен форум өтті.

 2

Форумға “Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов, аудандық филиалдың төрайымы Назгүл Мағзомова, округтердегі мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қатысты.

2-3

Шарада сөз алған облыстық бірлестік жетекшісі Жұмажан Қожжанұлы өтіп жатқан форумның мақсаты мен міндетіне тоқталды.

- Бұл ұйымның мақсаты – мүгедектігі бар жандарға көңіл бөліп, қоғам мүшелері арасында белсенділігін арттыру. Жұмыс істеуші жандарды насихаттап, көрсету. Теректідегі мүмкіндігі шектеулі жандардың дені белсенді. Түрлі өнер бойларына дарыған, қолдарынан келмейтіні жоқ. Олар облыстық деңгейдегі шараларда да белсенділік танытады, - деді төраға.

“Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы” қоғамдық бірлестігінің Теректі аудандық филиалының төрайымы Назгүл Сұлтангерейқызы  аудандағы мүгедектігі бар жандар жайлы баяндады.

- Бүгінгі күні ауданда 1 238 мүмкіндігі шектеулі жан болса, оның 179-ы бірінші, 457-сі екінші, 602 адам үшінші топқа тіркелген. Жеті жасқа дейін 47 бала болса, он сегізге дейін 84 бала бар. Бірлестік мүшелері түрлі шараларға белсенді қатысады.  Жуырда облыста өткен өнер байқауында Қ. Кенжебай өлең оқудан жүлделі бірінші орынды иемденсе, аспапта ойнаудан Ә. Оралбаев үздік атанды,- деді Н. Мағзомова.

Шағатай ауылдық округіне қарасты Қоғалтүбек ауылының тұрғыны Гүлвира Темірболатова мен ақсуаттық Әлібек Айтқалиев мемлекеттік грант есебінен ашқан кәсіптері жөнінде жиналғандарға ақпарат берді.

Форум одан әрі округтерден келген мүмкіндігі шектеулі болса да түрлі кәсіппен айналысып отырған жандардың қол бұйымдарынан жасалған көрмеге жалғасты.

Барша қатысушыларға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Тасенова алғыс білдіріп, бағалы сыйлықтар табыстады.

 

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале