Қазіргі таңда Бәйтерек ауданы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар, соның ішінде ұялы телефон ұрлығы, интернет-алаяқтық және тұрмыстық салада жасалған қылмыстар бойынша облыста көшбасында тұр. Нақтылап айтқанда, Орал қаласынан кейінгі орында.
Бұл туралы Бәйтерек ауданы аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтардың, оның ішінде пробация қызметтерімен есепке алынғандар арасында қайталама құқық бұзушылықтардың профилактикасы бойынша ведомствоаралық кеңесте айтылды.
-Адам өмірі мен денсаулығы және мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау мен құзырлы мемлекеттік құрылымдардың негізгі міндеттерінің бірі табылады. Мемлекет басшысы Жолдауларында еліміздегі криминогендік жағдайға әрдайым көңіл аударып, барлық уәкілетті құрылымға оны тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырып келеді.
Прокуратура құқық бұзушылықтың алдын алу субъектісі ретінде құқық қорғау органдарының қылмысқа қарсы күрестегі қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді. Осыған орай жиында қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу кезінде уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының жұмысындағы негізгі проблемаларын қарастырамыз. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша қабылданатын шаралар мен жоспарларды талқылаймыз.
Биылғы 10 айда аудан аумағында 396 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,3%-ға (369) көп. Ал, 11 айдың көрсеткішінде ол 1,2%-ға төмендегені байқалады (408-ден 403-ке дейін). Біз тиісті алдын алу шаралары нәтижесінде осы оң динамиканы арттыруымыз керек. Кеңестің негізгі мақсаты да осының көздейді. Яғни аудандағы криминогендік жағдайға тікелей әсер ететін бірқатар фактілерді анықтап, құқық бұзушылықтардың алдын алуда уәкілетті құрылымдардың өзара іс- тиімді қимылына бағытталған нақты ұсынымдар дайындауымыз керек,-деді жиынды ашқан аудан прокуроры Қазбек Жеткергенов.
Одан соң аудандық прокуратураның аға прокуроры Асқар Черниязов қылмыстық құқық бұзушылықтардың өсуінің негізгі себептері туралы баяндама жасады. Баяндамашының сөзіне қарағанда, қылмыстың артуының негізігі себептерінің бірі - оны болдырмау бағытында мемлекеттік және құзырлы құрылымдармен жасалатын жұмыстардың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы. Негізінен аудан аумағында тіркелген қылмыстардың жартысынан астамы – ұрлық. Талдау нәтижелері көрсеткендей, криминогендік ахуалға әсер ететін факторлардың ішінде жұмыссыздық, ұрлықты ашу бойынша құқық қорғау құрылымдары жұмысының тиісті деңгейде еместігі бар. Мысалы үшін айтсақ, өткен 10 айда ашылған 96 қылмыстың 90 пайызы жұмыссыздармен жасалған. Ұрлықты ашу көрсеткіші – 53 пайыз шамасызда. «Жалпы алғанда, қылмыстың алдын алу үшін жергілікті атқарушы құрылымдар ауылдарда дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық бағыттағы жұмыстарға мән беріп, мұндай нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз еткені жөн,-деді Асқар Сұлтанұлы.- Шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, лазерлі-оптикалық бағыттағы заманауи ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану қылмыстың алдын алуда жоғары тиімділікке ие».
Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан біраз жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда көптеген ауылдық округта спорт алаңдары салынды. Қалған екі-үш ауылда спорт алаңдары келесі жылы бойкөтермекші.
-Біз аудан аумағын бейнебақылау камералармен қамтуға мән беріп отырмыз. Біраз округтерге қойылды. Келесі жылы Трекин, Достық, Янайкин, Щапов ауылдарына осындай құрылғыларды орнату жоспарлануда. Жаңа баяндамашы бейнекамералар арқылы қылмысты алдын алуды жетілдіруді тілге тиек етті. Алайда дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес қойылған бейнекамералардың мүмкіндіктері толықтай пайдалана алмай отырғанымызды да айта кеткен жөн,-деді Мұрат Болатұлы.
Аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Азамат Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, бюджет қаражатына алынған 243 камера аудан аумағына қойылған. Енді Достық, Трекин ауылдарына бейнекамералар қою керек және мұндай құрылғыны Мичурин мен Асанға қосымша орнатқан маңызды. Полиция қызметкерлерімен камера, бағдаршам сынды құрылғыларды аталмыш ауылдардың қай жерлеріне орнату керектігі белгіленіп берілді. «Бәйтерек облыс орталығының дәл түбінде орналасқандықтан ауданымызға көшіп келушілер көп,-деді Азамат Кенжеғалиұлы.-Алайда тұрғындардың артуына орай бізде штат саны өсіп жатқан жоқ. Мәселен, қаладан қолсозым жердегі Мичурин ауылдық округінде тәуелсіздік таңы атқан кезде 11 сақшы болса, әлі де солай тұр. Ал осы аралықта тұрғындар саны бірнеше есе өсті. Бұл мәселені біз өз тарапымыздан облыстық полиция департаменті басшылығының алдында, тіпті министрлік өкілдерімен болған кездесулерде де көтеріп жүрміз. Күні кеше көмек ретінде Мичуринге Оралдан атты взвод жіберілген еді. Олар болған бір ай уақыт ішінде мұндағы қылмыс саны айтарлықтай төмендеді».
Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүзбатыр әр ауылдық округтің қылмыстық картасын жасауды ұсыныды. Сондай-ақ учаскелік полиция қызметкерлері жұмысының тиімділігін артыру бойынша көлікпен қамту, үй беру сынды қажет жағдай жасалғаны жөн екенін мәлімдеді.
Жиын соңында қылмыстық құқық бұзушылықтарды алдын алу бағытында аудандық прокуратура тарапынан жергілікті атқарушы құрылымдарға, аудандық құқық бұзушылықты алдын алу жөніндегі ведмоствоаралық комиссияға, полиция бөлміне, пробация қызметіне бірқатар ұсынымдар берілді.
Сәкен МҰРАТҰЛЫ,
Бәйтерек ауданы