Жуырда Орал қаласындағы Достық үйінде «Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту саласындағы қоғамдық құрылымдардың рөлі» атты республикалық лекторий өтті.
Оған «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ғалымдар, аналар кеңесінің мүшелері, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты. Ең әуелі, «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы Медхат Қамбетов іс-шараның мақсаты мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.
ҚХА Ақтөбе облыстық филиалының жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ-ның басшысы Роман Рахиев «Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы мемлекеттік тілдің рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
– Татулық тұғырын, ауыз-біршілікті нығайту бағытында өңірлерде осындай іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жиындарда Қазақстан халқы ассамблеясының негізгі міндеті, қазіргі қызметі, жүзеге асырған жобалары жөнінде толық мәлімет айтылады. Мамандардың бір-бірімен тәжірибе алмасуы үшін лекторийді көптеп ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Қазақ-стан – татулығы жарасқан ел. Біз соны мақтан тұтуымыз керек. Ақтөбе облысында 90-нан астам этнос өкілі тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқаруда. Ел бірлігін сақтау – басты мақсат, – деді Роман Рахиұлы.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ҚХА және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, ҚХА Ақтөбе облыстық филиалының жанындағы ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары Үмбетқан Сәрсембин «Этнос-аралық саладағы төзімділікті нығайтудың тарихи жəне əлеуметтік негіздегі ерекшеліктері» тақырыбында сөз қозғаса, тарих ғылымдарының кандидаты, аталған университеттің доценті Асылбек Мәденов Ақтөбе өңіріндегі ұлтаралық қатынастардың даму тарихына тоқталды. Сонымен қатар лекторий барысында Ақтөбе облыстық ассамблеяның жанындағы аналар кеңесінің мүшесі Бақытгүл Жетесова «Аналар кеңесі – ұлағат мектебі», ал ҚХА мүшесі Ирина Цыба «Ұлт бірлігі – оның алуан түрлілігінде» тақырыбында сөз қозғады.
Іс-шарада қатысушылар баяндамашыларға сұрақтар қойып, ел татулығына қатысты маңызды мәселелерді талқылады.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz