13.12.2022, 10:45
Оқылды: 76

Редакцияда Құран оқылды

«Садақаны сауда бер» деген ғой бұрынғылар. Жалпы мұсылман баласына өмірден өткендердің рухына Құран бағыштап, дұға оқу ара-тұра садақа дастарқанын  ұйымдастыру – парыз һәм қарыз. «Аруақ разы болмай, тірі жарымас» деген аталы сөздің астарында үлкен тәлім-тәрбие бары анық. 105 жылдан астам тарихы бар, талай арыстардың айшықты қолтаңбасы қалған облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясында жайылған бұл жолғы дастарқан, оқылған Құран аяттары мен бағышталған дұға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының және биылғы қасіретті Қаңтар оқиғасының құрбандарының, сонымен қатар Азаттық жолында шейіт болған барша боздақтардың рухына арналды.  

6f00726a-3271-471b-a262-b270663677b9

– Тәуелсіздік! Бұл – өте  киелі ұғым. Өйткені бұған дейінгі тарихтың ащы сабағы бұзылған бүтіннің, ыдыраған ынтымақтың қандай ауыр халге душар ететінін айқын көрсетіп берді. Сол азаттық жолында жазықсыз жапа шеккен арыстарымыз қаншама?! Кешегі тарих – қаһарлы желтоқсанның салған ылаңы мен биылғы қаралы Қаңтар оқиғасы да көптің көңілінен ешқашан өшпесі хақ. Сондықтан бір сәт барға – қанағат, жоққа – салауат айтып, имандылық уызынан сусындап отырғанымыз артық болмас. Бүгінгі садақамызды Жаратқан ие қабыл етіп, оқылған дұғамыздың амал-сауабы ортамыздан кеткен үлкен-кішінің пейіште нұры шалқуына себепші болсын, – деген бас редактор Бауыржан Файзоллаұлы осындай ортақ іске бір атаның баласындай ұйымшылдықпен атсалысқан барша әріптестерінің ісі сауапқа  жазылуын  тіледі.

Жаһанданудың толассыз толқыны ұлттық ұғымдарды тұмшалап жатқан қазіргі кезеңде адамдық айнасын да кірлетпей, ата-баба дәстүрімен қазақы үрдісті үзіп алмай жүру де бір ғанибет-ау, ағайын!

Б.Махутұлы,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале