Бүгін Орал шаһарындағы Жұбан Молдағалиев ескерткіші маңында желтоқсан құрбандарын еске алу шарасы өтіп, боздақтарға арналып гүл шоқтары қойылды.
Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, қала әкімі Миржан Сатқанов, белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай, жұбантанушы, ардагер-ұстаз Үзілдік Елубаева, қоғамдық ұйым мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.
– Біздердің ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы егемен ел болуды армандап өтті. Сол мақсатқа жетуді келер ұрпаққа аманаттады. Араға бірнеше жылдар салып сол армандар орындалды. Жұбан ағамыз кезінде жырлап өткендей біз мың өліп, мың тірілген халықпыз. Ақынның жырын тыңдап өскен жастар 1986 жылы алаңға шықты. Сондықтан тәуелсіздіктің күнін жақындатқан, сол үшін үлкен қызмет атқарған боздақтарды біздер және келешек ұрпақ еш уақытта естен шығармауымыз тиіс. Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын. Ел аман, жұрт тыныш болғай,-деді жиында сөз алған Жайсаң Ақбай.
Ескерткіш маңында жиналған танымал тұлғалар мен мектеп оқушылары ақын Жұбан Молдағалиевтың өлеңдері мен тәуелсіздік туралы жырлар оқыды.
zhaikpress.kz