Тәуелсіздік – тәңірдің бізге берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Отыз бір жылдың ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасалды. 31 жыл – уақыт тұрғысынан қарағанда онша көп те уақыт емес. Дегенмен әлемге және болашақ ұрпаққа Тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жеңісін ұсына алдық. Сондықтан бұл кезең біз үшін Ұлы дәуір.
1986 жылы Алматыда тәуелсіздік пен бостандық үшін алаңға шығып, жас қыршындар мерт болған ызғарлы Желтоқсан көтерілісіне биыл 36 жыл толып отыр.
Осыған орай, Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов желтоқсаншыларды қабылдады. Емін-жарқын кездесу барысында аудан басшысы қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісіндегі ұлы рухы мен қайсарлығын тілге тиек етті.
– Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, өздеріңізбен, тәуелсіздігімізді жақындатуға атсалысқан, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездескеніме қуаныштымын. 1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылығы бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады. Желтоқсан оқиғасына қатысты түрлі сұмдық заңсыздықтар, қиянаттар орын алып, жәбірленген қазақ жастарының адамгершілігі мен ар-намысы қорланып, аяққа тапталғанын білеміз. Бірақ соның бәрінен де біз үшін құндысы - Желтоқсан оқиғасына қатысушыларының ұлттық, азаматтық рухының өлшеусіз биіктігі. Бүгін сол бір ызғарлы оқиғаны бастан кешірген азаматтарымыз бен азаматшалар біздің арамызда еңбек етіп жүрсіздер. Баршаңызға ризашылығымды білдіріп, алғыс айтуға рұқсат етіңіздер – деп атап өтті аудан басшысы.
Кездесуде желтоқсаншылар қазақ жастарының өшпес ерлігін айтып, естеліктерімен бөлісті.
– Біздің облыста Желтоқсан оқиғасына қатысқан 71 адам бар. Желтоқсан оқиғасын бір-екі ауыз сөйлеммен айту мүмкін емес. Қанша жыл өткеннен кейін сол ызғарлы оқиғаға қатысқан жастардың мәртебесін көтеріп жатқанына өз басым қуаныштымын. Мемлекет тарапынан желтоқсан оқиғасына қатысқандарды жаппай ақтаса екен, деген тілегім бар. Арамзда ақталып жатқандар бар. Дегенмен әлі де жағылған қара күйеден ақта алмай жатқандарда бар. Ақталып жатқандарға мемлекет тарапынан көмек беріліп жатыр. Дегенмен, әліде жастардың патриоттық сезімін ояту үшін осы оқиғаға қатысқан біздер жастармен көптеп кездесуіміз керек. Түрлі деңгейдегі шаралардағы марапатталатын азаматтардың ішінде ауданымыздағы желтоқсан оқиғасына қатысқан жеті адамның тізімі болуы керек деп ойлаймын. Жалпы, уақыт бөліп кездесуге шақырып, құрмет көрсетіп жатқандарыңызға көп-көп рахмет айтамыз, - деді Желтоқсан оқиғасына қатысушы Қаракөз Әбілдаева.
Сонымен қатар, аудан басшысының шақыртуын алып, кездесуге келген бүгінде Приурал ауылдық округі әкімінің қызметін атқарып жүрген Марат Ерғалиев, Ақсу ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрберген Тлеубергенов және Ақсай қалалық №7 ЖББОМ технология пәнінің оқытушысы Ғаллам Ишановтар өз естеліктерімен бөлісті. Шара соңында Желтоқсан оқиғасының қатысушыларына аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, сый-сияпат көрсетілді. Жылы шырайда өткен басқосуда желтоқсаншылар аудан әкімшілігіне осындай кездесу өткізіп, марапат көрсеткендігі үшін алғыс айтып, естелік суретке түсті.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz