Тәуелсіздік күніне орай Бәйтерек аудандық "Шың" сазды-драма театрында ақтөбелік педагог-жазушы Нұргүл Нөкенованың "Тасада өскен гүл" деп аталатын пьесасы сахналанды.
Театр басшысы Кенесары Болғанбаевтың режиссерлығымен халық назарына ұсынылған қойылымды театр актерлары мен аудандық мәдениет үйінің әртістерінің бірлескен еңбегінің жемісі деуге болады. Басты кейіпкер Ғани мен оның естеліктеріндегі махаббаты - "Тасада өскен гүл" рөлдерінде Асылжан Тілекқабылов пен Азиза Асқарова ойнаса, олардың достары Мұрат рөлін Еркебұлан Сатыбалдиев сомдады. Ал Бибіайша, Гүлмира, Жанат есімді құрбыларының рөлдерінде Махаббат Абат, Арайлым Нарымбетова және Айкөркем Қаулыбайқызы өнер көрсетті.
Бәйтерек жұртшылығына ұсынылған премьера көркем-идеялық тұтастығымен елең еткізетін, сапасына келген кезде ауыз толтырып айтатын ерекше қойылым.
Қойылым барысында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан бір топ қазақ жастарының 1991 жылғы бас қосуы бейнеленеді. Достар оқиға кезінде қаза тапқан Қырмызы есімді құрбыларын еске алып, оқиғаға дейінгі бақытты студенттік шақтары туралы ой өрбітеді. Жалпы Желтоқсан оқиғасының алғышарттары, басталу себептері, барысы және қанды нәтижесі баяндалған сюжет көрерменді қалың ойға жетеледі. Бұл қойылым сол кездегі батыр аға-апаларымыздың ел тәуелсіздігі үшін жандарын құрбан еткен ерліктерін паш ететін туынды болғандықтан өнерпаздар оған үлкен жауапкершілікпен қарап, халқымыз үшін мерт болған ардақтыларымызға құрмет деп есептеді. Қойылымда пайдаланылған мизансцена, сценографиялық эскиз, би жанрлары, заманауи дыбыстық және жарықтық арнайы эффектер тақырыпты аша түсті. Қоюшы режиссер ізденісі, балетмейстер сіңірген еңбегі және қоюшы суретшінің қолтаңбасы айрықша болғаны анық. Қойылым соңында өнер сүйер қауым аудан өнерпаздарына риясыз қошеметпен қол соқты.
Премьера соңында сахнаға көтерілген аудандық мәдени-демалыс орталығының әдістемелік бөлім меңгерушісі Амангүл Намазова аталмыш спекталь өнерсүйер қауымға ерекше тарту болғанын атап өтті. Алдағы уақытта да театр жұмысын жандандыруға қатысты ұсыныстарға қолдау көрсететінін жеткізді.
Переметный ауылдық округі Калинин ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақбаян Қайрошева жергілікті жастардың ой-өрісін, шығармашылығын дамыту үшін, мәдени тәрбие ықпалын күшейту бағытында мұндай қойылымдардың жиі сахналану керектігін айтты.
Қ.Аманжолов атындағы мектеп оқушылары спектакль өздеріне қатты ұнағанын, тәуелсіздіктің қадірін терең түсінгендіктерін, толқығандарын, әсер алғандарын айтып жатты.
-Бұл пьеса 1996 жылы Желтоқсан оқиғасының 10 жылдығына арнап жазылған. Туынды Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың басынан кешкен қиындықтарын, жоқтаусыз қалған жастардың жүрек лүпілін жеткізу мақсатында дүниеге келген. Біздің қуанышымыз да, қайғымыз да өткенмен өлшенеді ғой. Сондықтан жастар өткенді ұмытпай, бүгінгіні бағалап, болашаққа үмітпен қарауы керек. Пьесаны Бәйтерек бұқарасына ұсынудағы мақсатымыз да өткенге көз жүгіртіп, көрерменнің бойындағы ұлттық рухты оятып, оларды патриоттық сезімге тәрбиелеу,- деді Кенесары Болғанбаев.
Басты рөлді сомдаған актер Асылжан Тілекқабыловтың сөзіне қарағанда, Ғанидың бейнесін беру оған оңайға соқпады. Көп ізденген. Кейіпкердің қажыр-қайратын, ерік-жігерін, бойындағы төзімділік пен намысшылдықты беруге барынша күш салған екен.
"Біздің бүгінгі қойылымымыз жаңа туынды әрі жастар өмірінен алынған,-дейді театр актеры Еркебұлан Сатыбалдиев.
- Көрермендеріміз пьесаның мазмұнына түсініп, бізді қолдап отырулары сахнада өзімізді еркін ұстауымызға, рөлдерді барынша шынайы сомдауымызға мүмкіндік берді".
Бақтияр Жақсымбетов,
театр суретшісі
Бәйтерек ауданы