16 желтоқсан - ҚР Тәуелсіздігі күні Балалар жылына орай Казталов мектеп-лицейі, Қараөзен мектеп-лицейі және Бірік жалпы орта білім беретін мектебіне әрқайсысы 38 млн 200 мың теңге тұратын оқушылар тасымалдайтын автобус табысталды.
Балаларға арналған автобустардың кілтін табыстау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібеков, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева қатысты.
Ғаділбек Әлібекұлы аудандағы білім саласындағы тағы бір тың жаңалық және ҚР тәуелсіздігі күнімен аудан тұрғындарын құттықтап, аталған білім ордаларының басшыларына автобус кілтін табыстады.
-Аудандағы 12 мектеп жанындағы интернатта тәрбиеленетін 258 баланы 41 елді мекеннен тасымалдау автокөліктердің тапшылығына байланысты округ әкімдіктерінің көліктерімен жүзеге асырылса, міне, бүгінгі табысталған 3 су жаңа автобус осы өзекті мәселенің шешімін табуда бастама болғаны анық. Қажеттілікке байланысты тағы 7 автобуспен қамту жоспарлануда. Бұл мақсатта облыс бойынша бюджеттен 2 млдрд. 700 млн-ға жуық қаражат жұмсалды. Аталған мәселеде қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Оқуя-ағарту министрлігіне, БҚО білім басқармасына шексіз алғысымызды білдіреміз, - деді Самал Қанапияқызы.
Балалар автобустары 21 орындық, автоматтандырылған және балалардың қауіпсіздігі үшін камера орнатылған. Бұл аудандағы білім саласындағы жаңашылдық.
Алдағы уақытта 7 автобус жеткізіліп, пайдалануға беріледі.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz