17.12.2022, 11:24
Оқылды: 44

Тәуелсіздік - тұғырым!

Дәдем атаның басында Дала конференциясы өтті. Шаһиттар рухына Құран оқылды. 

IMG-20221216-WA0076
ҚР Тәуелсіздігі күнінде Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданындағы "Қазақстанның киелі жерлері" картасына енген қасиетті орын - әулие Жұмағазы Хазіреттің кесенесі басында қазақтың егемендігі жолында шаһит болған боздақтар рухына арналып, ас берілді.

IMG-20221216-WA0085
Әулие Жұмағазы Хазіретті былайғы жұрт Дәдем ата деп қадірлейді. Оның мәңгілік мекені маңы намазхана, қонақүй, субұрқақ салынып, кешенге айналған.

Тамасайдың бойынан 4 - 5 жыл бұрын асыл Тәуелсіздік үшін алысқан дала арыстаны, Кіші жүз даласында 14 жылға созылған ұлт - азаттық көтерілістің көсемі Сырым Датұлының сардары - Ерсары батырдың құлпытасы табылды.

Батыс Қазақстан облысындағы ислам өркениетінің тарихына арналған музей де осы жерде орналасқан.

IMG-20221216-WA0063
Ас алдын алыс - жақыннан келген меймандар, қонақүйдің кең бөлмесінде мәжіліс құрды. Тақырып - бейбіт күнді, бірлікті, туыстықты сақтап, қадірлеу һәм Тәуелсіздік жолында жанған кешіп, басын берген тұлғаларды тану, таныту.

Шараға арнайы қатысқан Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев Тәуелсіздіктің тарихын түсінбей, оның қадір - қасиетін бағамдау қиын екендігін айтты. Әсіресе, жаңа буын тыныш өмірді, берекелі тірлікті қалыпты жағдай деп қабылдайды. Алайда, бәрі тегін келген жоқ. Қаншама ғұмырлар қиылды, қаншама алтын бастар иықтан домалады. Азаттық сосын қымбат, сосын ыстық!

IMG-20221216-WA0071

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған - ды. Жарлық негізінде Батыс Қазақстан облысында жұмыс тобы құрылып, қазір олар жылдап жол жүріп, айлап архив ақтарып, айлапат жұмыс жасап жатыр.

Жұмыс тобының мүшелері, белгілі ақын, өлкетанушы, журналист, "Egemen Qazaqstan" газетінің меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы, тарихшылар Ахмедияр Батырханов, Айболат Құрымбаев дала конференциясында қызметтеріне шолу жасады. Депортацияланған ұлттар, қуғын көрген молда - ишан, муадзиндер, екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен жерлестер туралы баяндамалар жұрттың қызығушылығын туғызды.

Атыраулық конақтар кесене шырақшысы, "Дәдем ата - Жұмағазы Хазірет" атындағы қордың жетекшісі Ғарифолла Жанбозовқа қазақтың мұң мен зарына тіл болған - қобыз сыйлады.

Кейін меймандар ас басына жайғасып, Тәуелсіздік құрбандары үшін Құран оқып, дұға жасады.

Айта кетейік, осы күні Сырым ауданының орталық мешітінде жұма намазынан кейін бас имам Қуанғали Қуанышұлы жамағатпен бірге шаһиттпр рухына Құран бағыштады.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы.
Айбар Исламғалиев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале