20.12.2022, 12:31
Оқылды: 123

Бітікке таза су жетті

«Отын – олжа, су – нұрлық» дейді дана халқымыз. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақжайық ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты шағын ғана Бітік ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа бөленді. Мұнда су тазартатын кешенді блок-модуль орнатылып, бітіктіктер судың азабынан құтылды. Бұрыннан да ауыл тұрғындары өз аулаларынан құдық қазып, жер асты суын пайдаланатын, дегенмен аталмыш кешеннің артықшылығы – ауылды толық сапалы тазартылған ауыз сумен қамтамасыз етуге қауқарлы.

8

Нысанның ашылу рәсіміне аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбек Замеров тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

– Басты мақсат – аудан халқын түгелдей сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Үлкен ауылдарды мемлекеттік бағдарламалардың күшімен ауыз су желісіне қоссақ, тұрғындар саны 200-ге жетпейтін елді мекендерге осындай блок-модуль кешендері орнатылуда. Осыған дейін Коловертное, Тасоба ауылының тұрғындарына аталмыш нысанның көмегімен су жеткізсек, міне, бүгін осы игілік сіздерге де  жетті, – деді ол.

9

Ауыл тұрғындары да тұрмыстарын жеңілдеткен жандарға ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, блок-модуль кешенін шымкенттік «Japan motors» жеке кәсіпкерлігі орнатқан. Жоба құны – 9 миллион 800 мың теңге. Осы жылдың 4 қарашасында жұмысқа кіріскен жұмысшылар бір айдың ішінде аяқтап, арнайы комиссияның шешімінен соң жобаны сәтті табыстады.

Бітік ауылында туған жерін жерұйығына балаған 232 тұрғын тұрады. Бірді-екілі аулада қазылған құдық  елді мекендегі 54 шаңырақты сумен қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Ал бұл кешеннен ауыл тұрғындары кестеге сай еркін су ала алады.

– Сағатына 500 литр су шығады. Жерасты суы бірнеше фильтрден өтіп, толық тазартылады. Ауылдың қақ ортасынан орын тепкен кешенде қоғамдық негізде ақылы жұмыс істейтін тұрғындар қызмет көрсетпек, – дейді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Әлібек Жамақов.

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале