Шыңғырлау ауданында соңғы жылдары демографиялық өсім байқалады. Отбасында тілдері былдырлаған бүлдіршіндердің көбеюі сүйінішті жәйт. «Әр бала өз несібесімен келеді» деп халқымыз айтқандай, ата-анасына қуаныш сыйлап, дүние есігін ашып, шаңырақты шат күлкімен көмкерген сәби қылықтары қандай керемет! Осындай ұрпақты өмірге әкелген әйел-аналарға Үкімет тарапынан тиісінше құрмет-қолдау көрсетілуінің де жөні бөлек.
Жуырда аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова Амангелді ауылының тұрғыны, алты баланың анасы Айжан Акаеваны қабылдап, салтанатты түрде «Күміс алқа» төсбелгісін табыс етті.
Айжан Қайратқызы әр баласын отбасы бақытына балайды. Олардың дені сау болып, өмірден өз орнын тауып кетуіне отағасы екеуі қолдан келген бар мүмкіндікті жасауға әзір. Қазір көп балалы аналардың басында кездесіп жатқан түрлі қиындықтарға қарамастан еліміздің ертеңі болатын ұрпақ санын көбейту, тиісінше тәлім-тәрбие беру өмір заңдылығы дейді.
Кездесу барысында көп балалы анаға аудан әкімі атынан гүл шоқтары табыс етілді.
Н.Айқын,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz