Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Кәсіби бағдар берудің үздік тәжірибелері» тақырыбында воркшоп басталды.
Мектептер мен колледждердің кәсіби бағдар берушілеріне арналған іс-шараның алғашқы жиынына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов және жұмыспен қамту, білім, кәсіпкерлер палатасы салаларының өкілдері қатысты.
Жиынды жүргізген университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов бүгінгі заманда адами ресурстардан артық құндылық жоқ екенін, бұл бағыттағы жұмыстарды дамыту қажеттігін атап өтті. Яғни, мұндай жұмыстар ел болашағын қалыптастыруға, экономикасын өркендетуге аса қажет. Ол үшін жас буынға дұрыс жол көрсетіп, тәрбиелеу маңызды.
Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов өз баяндамасында жастарды еңбексүйгіштікке, кәсіппен айналысуға тәрбиелеу турасындағы ұлы Абайдың қарасөздерін келтіріп, Мемлекет басшысы да еңбек адамына құрмет көрсету мәселесіне басымдық беретінін жеткізді.
– Барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Еңбегіміз өнімді әрі берекелі болу үшін біз білімпаз болуымыз керек. Жастарға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беруге тиіспіз. Ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетті сіңіре алмасақ, білімнің пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Отаншыл және мемлекетшіл болуымыз керек. Президентіміздің осы сөздерін естеріңізге сала отырып, еңбек, білім, тәрбие, отаншылдық секілді қарапайым ұғымдар – біздің идеологиямыздың діңгегі екенін айтқым келеді. Ұстаздар да осы қағиданы негізге алып жұмыс істейтіні сөзсіз, – деген Бақытжан Хаберұлы басқосуға маңызды тақырыпты арқау еткен Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы мен ұжымына алғысын білдірді.
БҚАТУ-дың басқарма төрағасы-ректор Асқар Мырзахметұлы «Болашақтың жастары. Болашақтың университеті. Болашақтың кәсіптері» тақырыбында баяндама жасап, адами құндылықтар, адамның өмірге көзқарасы, жастар тәрбиесі туралы ұлт зиялылары мен әлемнің атақты тұлғаларының өз заманында айтқан даналықтары әлі күнге тәрбиелік мәнін жоғалтпағанын айтты.
Кәсіби бағдар беру тақырыбына арналған жиын митап-сессиямен жалғасып, аталған тақырып төңірегінде баяндамалар оқылды. «Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі Самғат Ермекбаев Астанадан онлайн форматта қосылып, аталған жобаның артықшылығына назар аудартты.
– Бұл жоба «Халықтың әл-ауқатын арттыру» мемлекеттік бағдарламасының бір бағытына жатады. Жоба 2019 жылы «Жаңа мамандықтар атласы» деген атаумен іске қосылған болатын. Сол жылы тоғыз салалық атлас өңделіп, салалық министрліктерге ұсынылған еді, - дей келе, сол жұмыстардың нәтижесіне тоқталды. Яғни, анықталған 463 мамандықтың 239-ы – жаңа мамандықтар, 95-і – транформацияланған мамандықтар,129-ы – ескірген мамандықтар санатына жатқызылған. Осындай статистикаға сүйене отырып, қажетсіз мамандықтарға жұмсалатын шығындарға жол бермеу мақсатында гранттық жүйеге өзгерістер енгізу жұмысы қолға алынған. Қазіргі таңда еліміздің Павлодар, Ақтау, Атырау, Ақтөбе облыстарында басталған осындай жұмыстар келер жылы біздің өңірде де қолға алынады деп жоспарлануда.
БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова сұранысқа ие мамандықтарға жастардың бейімділігін арттыру – маңызды мәселе екенін және осы бағытта өңірдің білім саласында қандай жұмыстар жасалып жатқанын тілге тиек етті. – Көп жағдайда талапкерлер ата-ананың кеңесімен өзіне қажет емес мамандықтарды таңдайды. Осы ретте мүдделі мекемелермен бірлесіп, тиісті іс-шараларды атқарып келеміз. Мектептерге педагог-бағдар беруші штатттары енгізілді. Мектептерде алты мыңнан астам 10-11-сынып оқушыларына «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылуда. Сонымен қатар университеттер мен колледждердің ұстаздарын тарту арқылы эксперимент ретінде болашақ мамандықтарды таңдау сыныптары жұмыс жасауда. Мысалы, Жәңгір хан университетінің оқытушыларымен бірлесе мектептерде «Агро сыныптар» ашылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қалаған мамандықтары бойынша оқуларын жалғастырып жатқан түлектер де бар, - деді Зәуре Базарғалиқызы.
Ал облысымыздағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айгүл Абулкаирова кәсіпкерлер арасында сауалнамалар жүргізу арқылы сұранысқа ие мамандықтар тізімі анықталатынын айтты. Кәсіпорындар да өз тарапынан мамандарды даярлауға ниетті, себебі оларға білімді, білікті, өз ісіне қабілетті жұмыскерлер қажет. Өңір жастарын жұмыспен қамту шараларына тоқталған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Алпамыс Көшкінбаев осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша ақпарат берді. Ал келер жылдан бастап өз кәсібін ашқысы келетін жастарға 5 миллион теңгеге дейін төмен пайызбен жеңілдетілген несие берілетінін мәлімдеді.
Екі күнге жалғасатын іс-шара барысында секциялық отырыстар ұйымдастырылады және меймандар университетті аралап, білім ордасының кәсіби мамандар даярлаудағы әлеуетімен танысатын болады.
БҚАТУ медиа орталығы