Бүгін Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханасында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитованың, аудандық аурухана басшылығының, еңбек ардагерлері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен жиын өтті.
Жиында аудандық аурухананың басшысы Руслан Ахметжанов, аурухананың бас есепшісі Жансәуле Шакуова және аурухананың статистика кабинетінің меңгерушісі Ботагөз Ғұмарова еңбек ардагерлері мен қоғам белсенділерінің тарапынан қойылған халық көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап берді. Атап айтар болсақ, «Орал қаласынан келіп жасалатын жоспарлы оталар тағы да жасала ма?», «Ауруханада эндикринолог, невропотолог, рентгенолог сияқты мамандар жетіспейді. Бұл мәселе барысы қалай шешілуде?», «Олимппен келісімшарт неге тоқтатылды?», «Аурухана айналасындағы тазалыққа қаншалықты мән беріледі?» деген секілді бірнеше сауалдарға жауап алынды.
Аудандық аурухана басшылығы қойылған әрбір сұраққа нақты дәлелдемелер келтіре отырып, толыққанды жауап берді. Руслан Ахметжанов Орал қаласынан келіп жасалатын жоспарлы оталардың жыл аяғы болған соң уақытша тоқтап тұрғанын айтып, алдағы қаңтар айынан бастап қайта жалғасын табатынын жеткізді.
Сонымен қатар аудандық аурухана тарапы мамандар жайындағы сұраққа «жетіспейтін мамандардың орнын толықтыру үшін өзіміздегі мамандарды оқытып алдық, аталған дәрігерлерге өзімізден-ақ қарала беруге болады» деген жауаптарын айтты. Халық көкейіндегі маңызды сұрақ "Олимп" жайындағы сауалға аурухана басшылығы тұрғындарға қуанарлық жаңалықпен жауап берді.
Аудандық ауруханаға құны 24 млн. теңгелік анализатор құрылғысы сатып алынған. Ол құрылғы арқылы "Олимпта" жасалатын анализдерді жасау мүмкіншілігі бар. Нақтырақ айтсақ, анализатор арқылы 3 түрлі анализдерді тапсырып, анықтауға болады. Олар адам ағзасындағы гормондарды талдау, инфекциялық ауруларды және гепатиттерді анықтау анализдері. Жиналыс барысында аурухана сыртындағы тазалық жайы, аурухананың ішкі тәртібіндегі кейбір өзгерістер жайында, тегін берілетін дәрі-дәрмектер туралы ағымдағы сұрақтар да талқыланып, тұшымды жауаптар берілді.
Аурухана басшылығының айтуынша, бұрын аудандық аурухана ауласының тазалығына жауапты бір қызметкер болса, қазіргі уақытта 4 бірдей тазалық қызметкері жұмыс жасап, аула тазалығын қадағалап келеді, тегін дәрі-дәрмектер тізімі министрлік арқылы нақты бекітіліп беріледі, одан өзге дәрілерді қолдану мүмкіншілігі жоқ және жоспарлы оталардан бөлек, жедел жағдайдағы оталар кезексіз жасалуда. Аурухана басшысының пікірінше, аурухана ішіндегі науқастарды аралау кезінде барлық мамандардың басшымен ілесіп жүруі аса қажетті жағдай емес, дәрігерлердің көп уақытын бос жұмсамай, алыс ауылдардан келген адамдарды қарауға көңіл бөлгені дұрыс. Ауданымызда жоқ аппараттарға түсу, ауданымызда анықталуы мүмкін емес анализдерді анықтау үшін тұрғындар жолдама арқылы облыста тегін қарала алады. Қазіргі таңда бұл арнайы қызметтерді тегін алу үшін аудандық аурухана облыстағы 3 мекемемен келісімшартқа отырған. Науқастардың күндізгі станционарлық ем алу уақыты дүйсенбі-сенбі аралығында жүзеге асады. Қоғам белсенділерінің сұрауы бойынша жексенбі күні де емді жалғастыру үшін медбикелерді кезекшілікке бекітіп қою мәселесі қаралатын болады.
Жалпы аудандық ауруханадағы мамандардың, дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің жұмысы жақсы жолға қойылған. Округтердегі медициналық мекемелердің жай-күйіне де назар аударылып, жоспарлы жұмыстар жасалып келеді.
Жиын соңында түйткілді сауалдарға тұшымды жауап алған тұрғындар да, қолдан келген қызметті жасап келе жатқан аудандық аурухана тарапы да ортақ мәмілеге келіп, риза болып тарасты.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы