23.12.2022, 11:30
Оқылды: 229

Жауынгерлік өнер фестивалі өтті

Ә.Әйтиев атындағы спортзалда жауынгерлік өнер фестивалі өтті.

7

Орал қаласының әкімдігінің қолдауымен өткен фестивалді қалалық спорт бөлімі мен «Жауынгерлік өнер»  ассоциациясы бірлесіп ұйымдастырды. Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, жауынгерлік өнерге деген қызығушылықты артыру мақсатында қолға алынған іс-шараға қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, спорт ардагерлері мен спортшылар қатысты.

Елімізде, өңірімізде кеңінен қанат жайған жауынгерлік өнер түрлерінің үздіктері өнер көрсеткен шара басында көпшілікке спортшылар шеруі ұсынылды. Жауынгерлік самбо өнерін жанына серік еткен спортшылар бастаған шеруде спортшылар үздік әдіс-тәсілдерді көрсетіп, көпшілікті таң-тамаша етті. Одан соң грепплинг, каратэ, киукушинкай каратэ, муай-тай, ММА, каратэ шотокан, ИТФ тхэквондо және қазақ күресін жанына серік еткен спортшылардың шеруіне ұласқан фестиваль ашылуында өнер көрсеткен каратэшілер соққысымен тас сындырса, палуандар әдемі әдістерін көрсетті.

9

Кейін Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов сөз алып, әдемі шара ұйымдастырушылары мен қатысушыларына ризашылығын білдірді.

- Жауынгерлік өнер қазаққа жат құбылыс емес. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған кең байтақ жеріміз ұлтымыздың ықылым заманнан жауынгер болғанын көрсетеді. Кешегі ел қорғаған батырлардың ізін жалғап, түрлі спорт додаларында атой салып жүрген өңір спортшыларының жетістігі жетерлік. Спорт ел имиджін қалыптастыратын бірден бір сала. Ал спортшылар еліміздің бет-келбеті. Барша қатысушыларға сәттілік, жеңіс тілеймін. Елімізді атын асқақтата беріңіздер,- деді шарада сөз алған Мирболат Нұржанов.

8

Кейін Орал қаласы спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Серік Оспанов спортшыларды тамаша фестивалдің басталуымен құттықтап, жауынгерлік өнер дами берсін деген ақжарма тілегін жеткізді.

Одан соң қала әкімінің орынбасары түрлі жарыстарда жүлде алып, үздік атанған спортшыларды марапаттады.

Салтанатты жиын соңы спорт бәсекесіне ұласып, фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Үздік шыққандарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале