26.12.2022, 10:30
Оқылды: 44

Партия филиалында  –  жаңа төраға

«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ХХХІ  конференциясы өтті. Жиынға өңірлік саяси кеңес мүшелері, мәслихаттардағы «AMANAT»  депутаттық фракциясының мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының басшылары, облыстық партия активі қатысты.

20f0335e-c6a8-445a-be1e-75037b24f8b2

Конференция барысында партияның облыстық филиалының биыл атқарған жұмысы жөнінде есеп берілді. Жиында облыстық депутаттық фракция жетекшісі, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев сөз сөйледі. Оның айтуынша, биылғы 11 айда жол картасы шеңберінде жоспарланған 1102 іс-шараның 716-сы немесе 64,9%-ы орындалған. Ағымдағы жылы 248 млрд теңгеге 61 жоба іске қосылып, 894 жұмыс орны құрылған. Жаңадан салынған және күрделі жөндеуден өткен жолдардың көлемі 246 шақырым құрап, аутобус паркін жаңарту мақсатында 15 бірлік аутобус сатып алынған. Төрт ауылдық елді мекен ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ 4 білім беру нысандары іске қосылып, 26 спорттық ойын алаңдары, 533 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

– Жыл сайын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша облысқа 7-8 млрд теңге бөлінсе, фракция мүшелері атынан оны 6 есе көтеру мәселесі туындауда. Осыған байланысты бағдарлама аясында облысқа 40 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажеттілігі туралы  Үкіметке және жауапты мемлекетті мекемелердің басшыларына хат жолданды. Бағаны тұрақтандыру бойынша жолдаған ұсынысымызды Үкімет қолдап, қолданысқа енгізу үшін жұмыс істеуде. Жыл басынан бері Парламент, министрліктерге фракция атынан осындай 6 ұсынысхат жолданды. Барлық деңгейдегі мәслихаттар фракцияларының 71 отырысы өтіп, 136 мәселе қаралды. Мәселенің 53-і өңірлік жол картасын орындауға қатысты болды. Сондай-ақ партия қатары 600 адамға толықты. «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра», «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы бойынша биыл барлығы 1464 іс-шара өткізілді. Жыл басынан бері 127 отырыс, 367 рейдтік шара ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде шыққан материалдар бойынша 33 резонанстық сұрақ қарастырылды. 46 құрылыс нысанында партиялық бақылау бекеттері өз жұмысын жүргізді. Сонымен қатар «Жер аманаты» өңірлік комиссиясы жайылымдық жер тапшылығы проблемасын шешуге, пайдаланылмай жатқан, заңсыз берілген жерлерді қайтаруға ықпал етуінің және осы бағыттағы кешенді жұмыстардың нәтижесінде облыс бойынша 112, 8 мың гектар жер қайтарылды. Жыл басынан бері облыстық партия филиалына 5166 өтініш түссе, соның  46 пайызы оң шешімін тапты. 2022 жылдың басынан бері 39 мобильді қабылдаулар өткізіліп, ең шалғай деген 41 елді мекенді қамтыды. Қабылдаулар барысында 296 өтініш келіп түссе, оның 25 пайызы оңтайлы шешілді, – деді Мұрат Рахметұлы өз сөзінде.

56ecf46d-e5ec-445c-88df-b1a19db3dfa5

Жиында филиалдың жаңа төрағасын сайлау мәселесі қаралып, талқыланды. Осыған байланысты конференция делегаттарының арасынан партия ардагері Кенжебай Нығмет сөз сөйледі. Ол «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы лауазымына облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаевтың кандидатурасын ұсынды. Конференция делегаттары ашық дауыс беру арқылы Мұрат Мұқаевті «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы етіп сайлады.

Конференцияны «AMANAT» партиясының хатшысы Жігер Қалиев қорытындылады.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Суретті түсірген Рафхат Халелов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале