Бүгін жылдағы дәстүр бойынша Жәнібек ауданы әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасы өтті. Балалардың қуанышына аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде: «Еліміздің жарқын болашағы, ата-аналарыңның бақыты мен қуанышы да өздерің. Сондықтан да, әрқашан, ата-аналарыңызды қуантыңыздар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар! Бүгінде жасампаз істердің барлығы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын», - деп мерекелік лебізін білдірді.
Барыс, фиоктар, лола қуыршағы, малефисента, мейірімді сиқыршылар, қояны бар әсерлі қойылыммен өріліп, түрлі сый-сияпаттармен толығатын балалардың дәстүрлі тойы-думанын аудандық білім беру бөлімі «Қош келдің Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» тақырыбында ұйымдастырып, ол биыл ерекше мағынада өтті. Аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасына ауданның барлық мектептерінен әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасыларынан шыққан және дарынды, қабілетті қырық оқушы қатысты.
Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би билеп, ойын ойнап, өнерлерін ортаға салды. Жасыл шырша жанына жиналған бұл күнгі мерекеге әдемі киініп келген бүлдіршіндердің шырайлы жүздерінен қуаныш сезілді.
Мерекелік шара соңында балаларға аудан әкімі атынан 30 мың теңгенің сертификаты мен тәтті сыйлықтар үлестірілді.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz