29.12.2022, 10:00
Оқылды: 375

Ғалым-ұстаздың мерейтойы

Жуырда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғылыми кеңесінің кезекті жиынына жиналған қауым ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, құрметті ұстаз Мәди Ғабдоловты 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.  

IMG_7261

Мерейтой иесіне БҚАТУ-дың басқарма  төрағасы-ректоры Асқар Наметов құттықтаухат табыс етіп, ақжарма тілегін арнады. Сонымен қатар Мәди Әсетұлының әріптестері мен  шәкірттері де ұлағатты ұстазды құттықтап, мерейін тасытты. Ғалым-ұстаздың шәкірттері еліміздің ауыл шаруашылығы саласындаеселі еңбек етіп жүр. Жақында аталмыш университеттің басқарма төрағасы-ректоры Асқар Наметов Мәди Ғабдоловқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығыла саласының үздігі» төсбелгісін табыс етті.

Мәди Ғабдолов 1952 жылы 2 желтоқсанда бұрынғы Орал облысының Чапаев ауданындағы Чапаев ауылында, көпбалалы отбасында туған.  Осы ауылдағы қазақ орта мектебін бітірді. 1970-1971 жылдары Орал ауыл шаруашылығы техникумының агрономия бөлімінде оқыды. Одан кейін Калининград облысында кеңес әскері қатарында борышын өтеді. Бөлімдегі Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағының (БЛКЖО) жоғары мектебіне оқуға қабылданып, ойдағыдай тәмамдады. 1973-1978 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында агрономия мамандығына оқыды. Алғыр жас институт қабырғасында жүргенде-ақ қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, оқу орнының   комсомол комитетінің мүшесі болды. Ізденімпаз маман  1981-1984 жылдары Мәскеу қаласындағы, Қара топырақсыз аймақтың бақ шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жанындағы аспирантураны аяқтап шықты. 1984-2008 жылдар аралығында бақ шаруашылығы мамандығы бойынша «Ресейдің орта белдігі жағдайында алма сорттарының қысқы аязға төзімділігін бағалау» тақырыбына дайындалған ауыл шаруашылығы кандидаты диссертациясын қорғап, үлкен абырой-беделге ие болды. Кеңес заманында Мәскеудің ғалымдарының оң бағасын алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ еді. 1992 жылы ЖОО-ның өсімдік шаруашылығы кафедрасының доценті атанды. Сондай-ақ ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Қазақстан-Түркия мемлекетаралық келісімшарты аясында Анкара мемлекеттік университетінің агрономия факультетінде тағылымдамадан өтті.

Мәди Әсетұлы еңбек жолын 1978 жылдан бері Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының өсімдік шаруашылығы кафедрасының қарапайым ассистенті болып бастады. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында сан алуан тәжірибелік сатылардан өтіп, бірнеше кафедрада доцент, меңгеруші, факультет деканы лауазымдарын абыроймен атқарды. Өз ісін шебер меңгерген маман республикалық және халықаралық деңгейде де ауқымды жұмыстар атқарды. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында PhD докторлық диссертациясын қорғау бойынша арнайы диссертациялық кеңестердің мүшесі, төраға-орынбасары болды.

2015 жылдан бері Халық­аралық аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігінің (НААР),  ҚР Білім және ғылым министрлігінде Болон орталығының басшылығымен жүргізілетін білім беру бағдарламаларын сараптау жұмыстары бойынша сарапшы, 2021 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми басылымы «Хабаршының» рецензенті. Ғалымның 150-ден астам мақаласы, 15 кітабы жарық көрді. Ғылымның дамуына, білікті мамандар даярлауда аянбай еңбек етуде. Ол 22 магистрант, докторант, аспирант түлетті.

Мәди Әсетұлы өмірлік жары Меңзипа екеуі төрт ұлқыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы Асхат–Атырау қаласында британдық фирманың бас директоры, Армат «Қазақстан теміржолы» және Бекжан «ҚПО» компанияларында бөлім басшылары, қызы Жанар – БҚО полиция департаментінде қызметте, полиция капитаны. Бүгінде ата-әже атанып, ұрпағының  қызығын көруде.  Жақсылардың ішіндегі жайсаңы, ғалымдардың ішіндегі майталманы

М.Ғабдоловтың кісілігі де, ғалымдығы да кейінгі жас толқынға үлгі-өнеге десек, артық  айтқандық  болмас.

Зәмзагүл Аманкелдіқызы, Жәңгір хан тындағы БҚАТУ доцентінің міндетін атқарушы:

– Мәди Әсетұлы 2007-2014 жылдары бакалаврда, магистратурада оқып жүргенде маған сабақ берді. Магистратурада ғылыми жетекшім болды. Оның терең білімі ізденуімізге түрткі болды, біздің ой-өрісімізді кеңейтті. Өзінің білгенін шәкірттеріне үйретуден жалықпайтын әрі адамды ішкі дүниесінен тани білетін нағыз ұстаз. Қазір тәлімгерімен әріптес болып, қызмет етудемін. Әлі күнге дейін ұстаздың ақыл-кеңесіне жүгінетін кезіміз аз емес.

Ерғали Аюпов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ «Өсімдік өнімдерін өндіру технологиясы» жоғары мектебінің жетекшісі, философия (PhD) докторы:

– Мәди Әсетұлы 2012-2014 жылдары докторантура бойынша білім алып жүрген кезде ғылыми жетекшім болды. Ұстазымыз жан-жақты, адамгершілігі мол, тәжірибесі жеткілікті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан-Түркия мемлекетаралық келісімшарты негізінде Анкара мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өтіп келді. Аға буынның өкілі болса да, жастармен бірге заман ағымынан қалыспай, білім-білігін жетілдіріп келеді.

Осындай білікті ғалымнан көп нәрсені санамызға тоқыдық, әлі де үйренудеміз.

Гүлнәр Шәңгерей,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале