Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы табиғатты таза ұстаумен ғана шектелмей, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Осы игі бастама аясында Шыңғырлау орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің ұжымы ауданымыздың табиғи мұраларын қорғауға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Сол жұмыстардың бірі — ел аузында ежелден аңыз болып, табиғаттың тылсым тартуын бойына жинаған Шоқайтеректі қоршау жұмыстары.
Шыңғырлаудың жеті кереметінің бірі саналатын бұл алып терек — ауданның табиғи келбетін айшықтайтын ерекше нысан. Ғасырлар үнін ішіне бүккендей айбарлы ағаштың әр бұтағы, әр тамыры — туған жер табиғатының баға жетпес байлығы. Сондықтан оны көздің қарашығындай сақтау — бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек алдындағы жауапкершілік.
Осыны жақсы түсінген орманшылар Шоқайтерекке арнайы қоршау орнатып, оның айналасын қорғауға алып отыр. Бұл бір қарағанда қарапайым жұмыс көрінгенімен, табиғи мұраны сақтаудағы маңызды қадам. Қоршау нысанды малдың таптауынан, адам әрекетінен және өзге де сыртқы әсерлерден қорғауға мүмкіндік береді.

Мекеме басшысы Сағын Қазиевтің айтуынша, табиғатты қорғау — тек белгілі бір науқан кезінде атқарылатын жұмыс емес, тұрақты міндет.
– Шоқайтерек – біздің ауданымыздың табиғи байлығы, ел мақтан тұтатын ерекше нысандардың бірі. Осындай табиғи мұраларды сақтап, кейінгі ұрпаққа аман жеткізу — баршамызға ортақ міндет. Қоршау жұмысының негізгі мақсаты — алып теректің айналасын қорғап, оның табиғи қалпын сақтауға жағдай жасау. «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы мұндай жұмыстар тұрғындардың да туған жер табиғатына деген жауапкершілігін арттырады деп ойлаймын. Табиғатты қорғау — оны бүгін ғана емес, ертеңгі ұрпақ үшін де сақтай білу, – деді.
Шоқайтеректі қоршау табиғатты қорғауға жасалған шағын ғана қадам болғанымен, оның мәні зор. Өйткені табиғатқа деген құрмет үлкен істерден емес, осындай нақты әрекеттерден басталады.
"Таза Қазақстан" ұғымы айналамызды тазартумен ғана өлшенбейді. Ол – туған жерді қадірлеу, табиғи байлықты көздің қарашығындай сақтау, әр талдың тағдырына алаңдау. Бүгін қоршауға алынған Шоқайтерек ертең де тамырын тереңге жайып, аудан тарихының үнсіз куәгері болып тұра берсе, бұл бүгінгі еңбектің ең үлкен нәтижесі болмақ.
Сара Әділ,
Шыңғырлау ауданы