17.09.2026, 11:30
Оқылды: 7

«ОРМ TALK»: Қазталов ауданында жас дарындардың мақсаты мен мүмкіндіктері талқыланды

Казталов аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева Олимпиада резерв мектебінің оқушыларымен кездесіп, жас дарындардың өткен оқу жылындағы жетістіктерін саралады. «ОРМ TALK: Мақсат. Мүмкіндік. Нәтиже.» тақырыбындағы ашық форматтағы кездесуде оқушылардың олимпиадаға дайындық барысындағы тәжірибесі, алдағы мақсаттары мен ұсыныстары талқыланды.

image-17-09-26-01-17-1

Самал Қанапияқызы өз сөзінде дарынды оқушыларды қолдау, олардың білімін тереңдету және олимпиадалық дайындықтың сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар жасөспірімдердің өз қабілетін дұрыс танып, алдына нақты мақсат қоя білуінің маңызына назар аударды.

Олимпиада резерв мектебі – пәндік олимпиадаға дайындық жүргізетін орта, оқушының ізденісін күшейтіп, білімге деген қызығушылығын арттыратын алаң.

image-17-09-26-01-17-2

Жиынның «Ізденістер алаңы» бөлігінде педагогтердің кәсіби тәжірибесі негізге алынды. Тамыз айында Атырау қаласында өткен әдістемелік семинарға қатысып, тәжірибесін жетілдіріп келген мұғалімдер өздерінің алған білімдері мен кәсіби ізденістері туралы ой бөлісті.

Атап айтқанда, К.Мендалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің биология пәні мұғалімі Диамара Уразова, география пәні мұғалімі Жайнагүл Сағынғалиева, Казталов мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Абзал Гиззатуллин, Қоныс жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәні мұғалімі Нұртас Нұрғалиев және Ғ.Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәні мұғалімі Нұрбек Өтебалы тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен бірге «Табысқа қадам» жобасы аясында Олимпиада резерв мектебінде жұмыс жүргізіп жүрген педагогтер де өз тәжірибелерін таныстырды. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша С.Есетов атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Арайлым Ихласова, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша Ғ.Молдашев атындағы мектептің математика пәні мұғалімі Нұржан Меңдіғалиев, география пәні бойынша Қоныс жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Аслан Ерекешов сөз алып, оқушыларды олимпиадаға дайындаудағы әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Жиында Олимпиада резерв мектебінің өткен оқу жылындағы жұмысына әдістемелік талдау жасалды. Аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскері Гүлжазира Мұхитова атқарылған жұмыстар мен нәтижелерге тоқталып, алдағы міндеттерді айқындады. Сондай-ақ оқушылардың интенсивті курс кезіндегі жұмысы бейнеролик арқылы көрсетілді. Бұл кезең жас дарындардың пәндік білімін тереңдетумен қатар, жаңа ортада тәжірибе жинақтап, өзара пікір алмасуына мүмкіндік берген маңызды дайындық алаңы болды.

image-17-09-26-01-17-3

Кездесудің ең мазмұнды бөліктерінің бірі – «Ашық алаң». Мұнда оқушыларға сөз беріліп, олардың ОРМ жұмысына қатысты ой-пікірі тыңдалды.

Арнайы ұйымдастырылған сұрақ-жауап барысында жас дарындар Олимпиада резерв мектебінде алған білімдері, өз бойларындағы өзгерістер, есте қалған сәттері, олимпиадаға дайындық кезіндегі қиындықтары туралы ой бөлісті. Сонымен қатар келесі оқу жылында қандай дайындық түрлері қажет екені, ауданнан тыс жерлерде өтетін оқу-жаттығу жиындарына қатысты ұсыныстары және ұстаздардан күтетін қолдауы жөнінде пікір білдірді.

Кездесу соңында «Менің мақсатым» атты мотивациялық рефлексия ұйымдастырылды. Оқушылар жаңа оқу жылындағы мақсаттарын немесе бүгінгі кездесуден алған әсерін бір сөзбен жеткізді. «Жеңіс», «Ізденіс», «Талап», «Еңбек», «Нәтиже», «Арман», «Мақсат», «Жетістік» деген ұғымдар жас қатысушылардың алдағы оқу жылына деген ұстанымын аңғартты.

Шын мәнінде, олимпиадалық дайындықтың мәні тек жүлделі орынмен өлшенбейді. Оның тәрбиелік және білімдік мәні – баланың өз мүмкіндігін тануында, қиындыққа төтеп беруінде, ізденуінде, уақытын тиімді жоспарлауында және өз алдына нақты мақсат қоя білуінде. Кездесуде айтылғандай, әр нәтиженің артында – еңбек, әр жеңістің алдында – нақты мақсат бар. Ал сол мақсатқа жету үшін мүмкіндік пен қолдау қажет.

Іс-шараның қорытынды бөлігінде Жалпақтал өнер мектебінің өнерпаздары музыкалық бағдарламасын ұсынып, ұстаздар мен оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

«ОРМ TALK» кездесуі осылайша өткен оқу жылындағы жұмысты қорытындылап қана қоймай, жаңа оқу жылына жаңа мақсаттар белгілеуге мүмкіндік берді. Білім бөлімі басшысы мен жас дарындар арасындағы ашық пікір алмасу оқушылардың ұсыныстарын тыңдап, олимпиадалық дайындықты одан әрі жетілдірудің бағыттарын саралауға жол ашты.

 

Әдемі Оразғалиева,

Казталов ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале