17.09.2026, 11:15
Оқылды: 21

Казталов ауданы: Облыстық мәслихат депутаттары бірқатар жобалармен танысты

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының бюджет және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының Казталов ауданында өткен көшпелі отырысы барысында депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігімен танысып, ауылдық елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан бірқатар нақты жобалардың жұмыс барысын көрді.

image-17-09-26-01-18-6

Алдымен «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған азаматтардың бірі Бекзат Асқаровтың цехының жұмысымен танысты. Бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастаған тұрғынның өндірістік жұмысы ауылдағы шағын кәсіпкерліктің әлеуетін аңғартты.

image-17-09-26-01-18-7

Ал Талдыапан ауылында комиссия мүшелері «Бауыpлар НАРМ» шаруа қожалығының екпелі шөп егу жұмыстарымен танысты. Шаруашылық жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру, мал азығы қорын қалыптастыру бағытындағы жұмыстары туралы мәлімет берді. Соның ішінде мал азығын дамыту мақсатында жүгеру егу тәсілі мен бау-бақша өнімдерін дамыту жөнінде тәжірибесімен бөлісті.

image-17-09-26-01-18-8

Көшпелі отырыстың тағы бір маңызды нүктесі – Қайшақұдық ауылы болды. Мұнда депутаттар «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында елді мекенге қоныс аударған отбасылармен кездесті. Жас отбасылар ауылға бейімделу барысы, тұрмыс жағдайы және алдағы жоспарлары жөнінде ой бөлісті. Қайшақұдықтағы сапар барысында депутаттарға жеке инвестор қаражаты есебінен салынып жатқан мектеп пен ауылдық клуб жобасы да таныстырылды. Аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиев пен Қайшақұдық елді мекенінің ауылнайымы Райымбек Мұқамбетов ауылдағы әлеуметтік нысандардың маңызы мен жобалардың жүзеге асу барысы жөнінде ақпарат берді. Жеке инвестиция есебінен әлеуметтік нысандар салу мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтумен қатар, ауыл тұрғындары үшін маңызды мәселелерді шешудің қосымша тетігі. Әсіресе мектеп пен мәдени-демалыс орталығының болуы елді мекеннің өміршеңдігіне тікелей ықпал етеді.

Депутаттар бұдан бөлек «Мясная индустрия» ЖШС-нің 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Кәсіпорынның өндірістік әлеуеті ауданның ауыл шаруашылығы бағытындағы мүмкіндігін кеңейтіп, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеудің тізбегін қалыптастыруға жол ашады.

Осылайша, көшпелі отырыс барысында депутаттар ауданның даму мәселелерін әр қырынан зерделеді. Мұның барлығы бір ортақ мақсатқа ауылдың экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыруға тоғысады. Көшпелі форматтағы жұмыс та елді мекендердегі нақты ахуалын бағалауға мүмкіндік берді.

 

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале