5.01.2023, 9:15
Оқылды: 47

Оралда италиялық автобус құрастырылады

Былтыр Үкіметтің қорытынды отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміз үшін 2022 жылдың оңай болмағанын, қайғылы «қаңтар оқиғасынан»  бастап әлемдік маңызы бар бірқатар қиын жағдай орын алғанын айтты. «Келесі жыл да оңай болмайды. Бірақ біз алға қойылған мақсаттарға жетуіміз керек», – деді Үкімет басшысы.

ивеко аутобусы

Расында, барыс жылы ешкімге жеңіл тимеді. Әсіресе, тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтып отырған кәсіпкерлерге тығырықтан шығар жаңа жол іздеуге тура келді. Соның арқасында өңірдегі кейбір кәсіпорын өнім өндіруде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мысалға, құрылыс индустриясы саласында темір бетон бұйымдары («Гидромаш-Орион» ЖШС), тамақ өнеркәсібінде қалбырдағы өнімдер («Кублей»), сыра («Нұржанар»), ұн өнімдері өндірісі («Белес-Агро», «Желаев нан өнімдері комбинаты») артты. Ал машина жасаушылар ішінен «Оралагрореммаш» арнайы техника өндіру қарқынын үстеді. «КазТрубПром» зауыты сорғы-компрессорлық техника өндірісін күшейтті.  Осылайша кәсіпорындар әлем елдерінің тынысын тарылтқан пандемиядан кейін ес жиып, еңсесін тіктей бастады. Сандарды сөйлетер болсақ, былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында өндіріс көлемі 4,7 пайызға артып, 245,6 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,5%-ға өсіп, 405,7 млрд теңгені құрады.

17 жоба жанданады

Сандарды сөйлетер болсақ, былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,5%-ға өсіп, 405,7 млрд теңгені құрады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмакелді Батырниязовтың айтуынша, 2023 жылы жалпы құны 18,8 млрд теңге болатын 17 жобаны (620 жұмыс орны ұсынылады) іске қосу жоспарланған.  Оның ішіндегі  ірілерін атап өтсек, олар – сүт-тауарлы ферма құрылысы («Ringo-Milk» ЖШС),  жылына 30 млн дана кірпіш шығаратын зауыт («Westgroup» ЖШС), екі   медицина орталығы («Талап» АҚ, «Олимп» ЖШС), құрғақ қоспалар өндірісінің («Бриг Компани» ЖШС) жобалары.

– Өңірде мал басы жеткілікті, мал шаруашылығы жақсы дамуда. Бұл көрсеткіш бойынша республикада бірінші орындамыз. Сондықтан кәсіпкерлер ет өңдеуге мән берсе дейміз. Сонымен қатар өнеркәсіптік машина жасау ісін дамытудың болашағы зор, өйткені бізде бұрыннан қалыптасқан машина жасау кластері бар. Оны әрі қарай дамытуға қажетті кадрлық әлеует жеткілікті, – деді Жұмакелді  Жолдыбайұлы.

«IVECO» көлігі құрастырылады

Жақында Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында осы уақытқа дейін ешбір одақтың құрамында болмаған өзбек елімен одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды. Қос ел президенттері бірлескен жобалар құрылысын бастау рәсіміне қатысты. Ондай жобаның бірі – «UzAuto Motors» компаниясының Қазақстанда америкалық «Chevrolet Onix» седандарын құрастыру жобасы.

Сарапшылардың айтуынша, Қостанай қаласындағы «Allur» зауытында жылына 30 мыңға жуық темір тұлпар конвейерден шығады. Бұл жоба Өзбекстан, Қазақстан және Әзірбайжан автомобиль өнеркәсібін біріктіру шешімі аясында жүзеге асырылады.

«Түркі автомобиль өнеркәсібі» немесе «Тюркский авто­пром» деп аталатын жаңа альянсқа «UzAuto Motors» басшылық жасайды. Алдымен Қазақстанда «Chevrolet Onix» шығарып, одан кейін Әзірбайжанда өзбек көліктерін құрастыру ұйымдастырылады. Жетекші өзбек компаниясы өкілдерінің айтуынша, жаңа бірлестік Еуразия құрлығындағы автоөнеркәсіпті дамытуға, сондай-ақ жалпы саны 65 миллионнан астам адам тұратын нарықты біріктіруге көмектеседі. «Жергілікті машина жасаушылар бұл жобаға қатысуы мүмкін бе?» деген  сауалға жауап іздеп көрдік.

– Екі елдің ірі машина жасаушылары ұзақ жыл бойы тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді, енді олар өзара әріптестік байланысты жаңа деңгейге көтермек. Сондықтан жергілікті машина жасаушылардың әлеуеті мықты дегенмен, бұл жобаға қатысу мәселесі қарастырылмаған. Біздің кәсіпорындар су көлігін, иінді білік, мұнай-газ жабдықтарын және коммуналдық, өртке қарсы жабдықтарды, көліктерді шығаруға маманданған. Тарих қойнауына енген барыс жылында жергілікті зауыт италиялық «IVECO» автобустарын құрастыру және ершікті тартқыш (седельный съемник) өндіру жобасын іске асырды. Осы екі өндіріс бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Оралагрореммаш» АҚ-мен өнеркәсіптік келісімге қол қойды. Компания жоба бойынша толық күшіне енген кезде 1200 бірлікке дейін көлік өндіреді. Қазіргі уақытта «IVECO» автобустары өндірісі жобасын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингтік қаржыландыру мәселесі пысықталуда,  – деді Жұмакелді Батырниязов.

Оралдағы зауыт 60 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан мен таяу шетел нарығын қажетті арнайы техникамен, аутоцистерналарды толтыру жабдықтарымен қамтамасыз етіп келеді. 2021 жылы кәсіпорын күкірт қышқылына арналған жартылай тіркемелер өндірісін игеріп, «Қаз-Атомпром» ЖШС-ның базасында сынақтан өткен тәжірибелік үлгіні дайындады. Осылайша «ҚазАтомпром» ЖШС «Оралагрореммаш» зауытымен аталған 22 техниканы жасауға оффтейк келісімшарт (өнім шықпай тұрып, сатып алу келісімшарты) жасады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале