Бас прокуратура «Қаңтар оқиғасы: Дерек пен дәйек» деректі фильмінде тергеу нәтижесінде анықталған тың мәліметтерді жария етті. Оның ішінде Қаңтарда ел бойынша қанша автокөлік бүлінгені туралы деректер бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәлім болғандай, қасіретті қаңтарда еліміз бойынша 400-ден аса автокөлік бүлініп, жойылған. Оның ішінде 346 көлік ішкі істер органдарына тиесілі.
Мұнымен қоса, деректі фильмде ойран салушылардың әрекетін тоқтатпақ болған полиция қызметкері Арман Байысбаев қарулы қылмыскерлердің адамдарға аяусыз зәбір көрсеткенін айтты.
«Сол жерде өлдім деп ойладым, аямады. Бізде қару болмады. Бізде тек каска мен қалқан ғана болды. Негізі біз қарапайым халыққа қару қолданбаймыз», - деп есіне алды тәртіп сақшысы.
Қоса кетейік, бұған дейін Бас прокуратура бүлікшілердің қалай жиналғаны және олардың жүру бағыты қалай ұйымдастырылғанын жариялаған болатын.
Ведомство мәліметінше, бүлікті ұйымдастырушылар нақты жоспарға сай әрекет еткен. Мәселен, Алматы қаласында жиналатын екі орын белгіленген. Оның бірі қаланың батысындағы – «Алматы Арена» спорт кешінінің маңы, екіншісі – шаһардың шығысындағы «Халық Арена» кешенінің алаңы. Екі жерде де жиналатын уақыт бірдей – кешкі сағат 18:00-20:00 аралығы. Кейін 21:00-де олар әкімдік ғимаратына беттеген. Абай, Төле би сияқты көшелермен жүріп, жол бойы жолыққандарды қатарға қосып отырады. Республика алаңына жеткенше, адам саны 10 мыңға жуықтайды. Таяқ, арматура, дубинка, балта және жарылғыш заттармен қаруланған бүлікшілер полиция қызметкерлері мен әскерилерге шабуыл жасаған.