Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, жедел зерделеу жұмысының нәтижесінде Петропавл қаласында есірткі қылмысына қатысты топтың көмекшілері ұсталып, 5,5 тоннаға жуық апиын алынды.
"Осы операцияның екінші кезеңі барысында Өскемен қаласында 1 тонна көкнәр шикізатын алу үстінде есірткі курьері ұсталды. Дәл осы уақытта, Қарағанды қаласында жалға алған қоймаларда 10 тоннадан аса есірткі шикізатын сақтап келген есірткі қылмысына қатысты топтың ұйымдастырушылары ұсталды", деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
Бұған қоса ведомство өкілдері тінту шаралары барысында есірткі қылмысына қатысты топ қатысушыларынан жарақаттаушы және суық қару, сонымен қатар ірі көлемде ақшалай заттар табылып, тәркіленгенін хабарлады.
Алдын ала тергеу анықтағандай, аталған апиын тамақ өнімдері түрінде шетелден Қазақстан аумағына кіргізіліп, есірткіге тәуелді ортада саудаланған.
Жалпы қолға түскен есірткі көлемі 16 тоннадан асты. Қазір жедел-тергеу амалдары жүріп жатыр.