9.01.2023, 16:00
Оқылды: 55

Өзекті мәселелер талқыланды

Өткен жыл қорытындыланып, ағымдағы жылға жоспар құрылды. Бүгін Казталов ауданы әкімдігінің үлкен залында өткен селекторлық кеңесте де қоян жылы атқарылуы тиіс бірқатар мәселелер талқыланды. Аудан әкімі Рүстем Зұлқашев аудан активін күн тәртібіндегі мәселелерге бей-жай қарамауға үндеп, тиісті тапсырмалар берді.

2

Аудан әкімі Рүстем Мүлкайұлының төрағалығымен өткен жиында Казталов ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ерлан Батабиев салық түсімдерінің 2023 жылға жоспары және орындау мәселелерін көтерді. Басқарма басшысы өз сөзінде ауданымыздың ағымдағы жылға жоспарын тізбектей келіп, ұсыныстарын жеткізді.

- 2023 жылға бекітілген салық түсімдерінің жоспары 2273,0 млн теңгеге бекітілді. 2022 жылғы жоспармен салыстыратын болсақ жоспар 801,2 млн теңгеге ұлғайтылған. Салық түсімдерін орындау мәселелері жөнінде төмендегідей жоспарларымызды назарға алуды ұсынамыз. 2023 жылы жеке тұлғалардың мүлік салығы бойынша бағалау құнын уәкілетті және жергілікті атқарушы органымен бірлесіп көтеру, 2020-2022 жылдар аралығында аудан бойынша ағымдағы және күрделі жөндеуден өткен объектілердің төлеген салығымен объектінің баланстық  құнын салыстыру, квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінің еңбек ақысынан ұсталатын жеке табыс және әлеуметтік салықтарын азайтып төлегендерді анықтау керек. Сондай-ақ, білім және денсаулық сақтау саласындағы бюджеттік әкімшіліктер қаржыны жоспарлау және есептеуді дұрыс толық жүргізуді іске асырып, есептелген еңбек ақымен салықтар жыл соңына дейін жетуі қажет. Шағын бизнес субъектілері 2020-2022 жылдар аралығына Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекет кірістеріне салық салудан босатылды, осыған сәйкес 2023 жылдың 1 жартыжылдығының салық есептіліктерінде кірістерін азайтып көрсету, нөлдік көрсеткішпен көрсету фактілерін анықтауды қолға алғанымыз жөн. Мемлекеттен демеу қаржы (субсидия) алғандарға женілдік қолдануға жатпайтындарға қатысты камералдық бақылау жүргізіп, тиісті салықтарды бюджетке өндіру және заңсыз кәсіпкерлікті заңдастыру жұмыстарын жүргізу шараларын қолға алу қажет, - деді басқарма басшысы.

Ерлан Хамитұлына жолданған сауалдар барысында салық төлеудегі кемшіліктер де анықталды. Басқарма басшысы халыққа қызмет көрсету орталығындағы жүйенің қателігінен кірістер басқармасының да, ауылдық округтердің де есебі белгілі бір дәлдікке негізделмей отырғандығын да тілге тиек етті.

4

Жиында көтерілген тағы бір мәселе тарихымыз сақталған мұрағатағы іс-қағаз айналымы турасында болды. Казталов ауданы бойынша мемлекеттік архив филиалының басшысы Назгүл Мұстафина мен Батыс Қазақстан облысының архивтер басқармасының Жалпақтал филиалының директоры Мержан Қарабалин Заңды біле тұра, талапты ескермеген мекемелерді тізбектеп берді. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова жиынға қатысушыларды мәселеге назар аударып, қажетті құжаттарды тапсыруда ыждағаттылық танытуға шақырды.

Ал, округтер бойынша әл-ауқаты деңгейі «D» және «E» санатындағы отбасылардың әлеуметтік портреттеріне талдау және алдағы міндеттер жөнінде аудандық жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Радж Шәріпов баяндама жасады. Бөлім басшысы өз сөзінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, отбасының цифрлық картасы, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерліктегі жұмысшылардың заңдастырылуы және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау мәселелеріне тоқталды.

- 2022 жылы 337 отбасына (1710 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 87 млн 188,6 мың теңге төленді. БҚО бойынша 2023 жылдың 1 тоқсанына бекітілген күнкөріс деңгейі 41719, кедейшілік шегі 29203 теңгені құрайды.  2023 жылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш қабылдау сапалы түрде жүргізіліп, заң аясында қорытынды шығарылуы қажет. Мемлекет басшысының тапсырысымен азаматтардың ǝлеуметтiк кепілдіктерін проактивті форматта қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл карта «электрондық хабарлама» ретінде ел азаматтарына олардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетеді. Цифрлық картаның мәліметі негізінде әл-ауқаты деңгейі «D» және «E» санатындағы отбасылардың әлеуметтік портреті толық жасақталып,  талдау жұмыстары жүргізілуі қажет. Казталов ауданы бойынша «D» санатында  1584, «E» санатында 1265 отбасы бар. Талдау жұмыстары жасалғаннан кейін осы отбасыдағы тұлғаларға төменгі санаттан шығу үшін жан-жақты қолдау шаралары көрсетілуі керек, - деді Радж Болақайұлы.

3

Аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелерді негізге ала отырып, салық түсімдерін орындаудағы кейбір түйткілдер, мұрағатқа тиісті іс-қағаздарды уақытылы тапсырмаған мекемелер жөнінде аудан әкімдігін хабардар етуге және жиында айтылған ұсыныстарды назарға алып, жұмыстануға тапсырма берді.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале