Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа мектептердің уақытылы тапсырылуына әкімдердің жауапкершілігі бекітілгенін еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрлік ақпаратына сілтеме жасап.
Ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін Ғ.Бейсембаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровпен өңірдегі мектеп құрылысы мәселесін талқылады.
Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығы – Петропавл қаласында 4 жаңа мектеп салу көзделген. Білім ордаларын төрт шағын ауданда: Жас-Өркен, Орман, Қопай және Береке аудандарында салу жоспарланып отыр. Екі мектептің құрылысы биыл, тағы екеуі келесі жылы басталады. Оқу-ағарту министрі құрылыстың уақытылы басталып, дер кезінде аяқталуына баса назар аударды.
«Барлық мәселені дер кезінде және сапалы орындау қажет. Мектептердің уақытылы тапсырылуына әкімдердің жауапкершілігі бекітілгенін білесіздер. Жаңа мектептерде балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуы қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өскелең ұрпақ тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды», - деді Ғани Бейсембаев.