11.01.2023, 18:00
Оқылды: 45

Ең төменгі зейнетақы – 77 400 теңге

Былтыр жыл аяғында әлеуметтік төлемдерге байланысты айтылған жағымды жаңалықтар биыл іске асты.

e

Фото дереккөзі: orda.kz

Біріншіден, зейнетақы өсті. Бұл жөнінде  www.gov.kz сайтында: «Базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы ұлғаюын ескере отырып, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оның ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60%-ға дейін ұлғаюына байланысты артты.

Ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға артып көтерілді. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін (158,7-ден 189,8 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды.

Нәтижесінде бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін өсті. Зейнетақының өсуі барлық 2,2 миллион зейнеткерге әсер етті» деп көрсетілген.

Сонымен қатар бала тууға байланысты, мүгедектік және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақылар мөлшері де артып отыр.

Мәселен, әйелдерге бала тууға байланысты төленетін мемлекеттік қолдаудың мөлшері енді бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңге (2022 жылы – 120 840 теңге). Төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге (2022 жылы – 200 340 теңге) қаралған. Аталмыш төлем  жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де әйелдерге тиесілі.

Жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы республикалық бюджеттен тағайындалады. Оның мөлшері АЕК өсуін ескере отырып, биылдан бастап 8,5% - ға өсті. Жұмыс істейтін ата-аналар бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алады. Осы жерде тағы бір жақсы жаңалық – биылдан бастап Президент тапсырмасы бойынша бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.

Мүгедектігі бар балаларға кәмелетке толғанға дейін төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері енді 56 794 теңге (бұрын 52 345 теңге) болды.

Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері де өсті. 4 баласы бар отбасыларға ай сайын 55 304 теңге (бұрын 50 976 теңге), 5 балаға – 69 138 теңге (бұрын 63 728 теңге), 6 балаға – 82 973 теңге (бұрын 76 479 теңге), 7 балаға – 96 807 теңге (бұрын 89 231 теңге), 8 және одан көп бала болса әр балаға – 13 800 теңгеден (бұрын 12 720 теңге) беріледі. Төлем мөлшері АЕК ұлғаюына байланысты өсті.

Ресми ақпарат көзі www.gov.kz: «2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық түрлерінің мөлшері өсті. Бұл 4,4 млн зейнетақы мен жәрдемақы алушыға әсер етеді. Осы мақсаттарға республикалық бюджетте 4,6 трлн теңге қарастырылған» деген мәлімет жариялады. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалуының айқын көрінісі.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале