17.01.2023, 9:00
Оқылды: 107

Арыз-шағым азаймай тұр...

Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен денсаулық сақтау саласы бойынша өңірдегі өзекті мәселелер талқыланған алқалы жиын өтті. Орал қалалық көпбейінді аурухананың конференция залында ұйымдастырылған кеңес отырысына медицина қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.  

a6ecb376-5cee-4bf8-9779-b48fabbd0730

«242 санитарлық автокөлік қажет»

– Бүгін денсаулық сақтау саласы бойынша шешімін таппай жүрген мәселелерді талқылау үшін жиналып отырмыз. Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласын қаржыландыру жүйесін қайта қарап, медициналық инфрақұрылымды кешенді дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша да бірқатар міндет тұр. Шалғай ауылдың тұрғындары үшін алғашқы дәрігерлік көмек жедел көрсетіліп, қолжетімді болуы тиіс. Алдағы үш жылда ауылдық елді мекендерде халық санына байланысты фельдшерлік-акушерлік пункт немесе дәрігерлік амбулатория салынады. Облыстағы медициналық мекемелердің барлығын қажетті заманауи құрал-жабдықпен жарақтандырып, ескірген жабдықтарды ауыстырып, тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы бағыттағы жұмысымызды сала ардагерлерінің тәжірибесіне сүйене отырып ұйымдастыруымыз керек, – деді жиынның ашылуында өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Іс-шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибеков сала бойынша былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, облыста бір ауылдық аурухана, 66 дәрігерлік амбулатория және 60 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 219 медициналық пункт жұмыс істейді. Былтыр денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 71,2 млрд теңге (оның ішінде 65,0 млрд теңге ӘМСҚ арқылы, 6,2 млрд теңге ДСБ арқылы қаржыландырылды) бөлінген. Өңірдегі медициналық мекемелерде 1730 дәрігер мен 6678 орта медицина қызметкері қызмет етеді. Өткен жылы облысқа 52 жас маман келсе, оның 26-сы ауылдық елді мекендерге жіберілген. Ауылға барған 16 жас маман былтыр 1 млн теңге көлемінде біржолғы өтем­ақы алса, тұрғын үйге мұқтаж 12 дәрігерге (Ақжайық, Бөрлі және Казталов аудандарында) қызметтік баспана берілген. Дәрігер кадрлардың тапшылығы 282,75 штаттық бірлікті құрайды. Нақтырақ айтсақ, облыстағы медициналық мекемелерге жалпы тәжірибелік дәрігерлер, акушер-гинекологтар, инфекционистер, кардиологтар жетіспейді. Сондай-ақ санитарлық көліктер ескірген (тозуы – 78 %). Қалалық емханалар мен ауруханаларға, аудандық ауруханалар мен дәрігерлік амбулаторияларға және ауылдық ФАП үшін 242 (118-і қалаға, 124-і ауылға) санитарлық аутокөлік қажет. Облыстық онкологиялық диспансерге ангиограф аппараты, электрофизиологиялық талдама жүргізуге арналған жабдықтар жиынтығы және облыстық көпбейінді ауруханаға  компьютерлік томография, қалалық және аудандық стационарларға УДЗ аппараты, флюорографиялық аппарат қажет. Сонымен қоса цифрлық рентгендік диагностикалық кешен, магнитті-резонанстық томография, лапароскопиялық баған да жетіспейді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл медициналық 24 нысан салынады деп жоспарланған. Оның жетеуі дәрігерлік амбулатория, 11-і ФАП, алтауы медпункт. Биыл Орал қаласында 180 төсек-орындық заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы басталмақ. Ақжайық шағынауданында салынатын нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Зашаған кентінде ауысымына 250  адамды қабылдайтын емхана салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалған. Емхананың да құрылысы биыл басталып, 2025 жылы  аяқталмақ.

 «Тегін дәрі халыққа жетпей, қоймада жатыр»

Жиын барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев денсаулық сақтау саласына қатысты өңір тұрғындарының арыз-шағымы көп екенін айтып, басқарма басшысын біраз сынға алды.

– Өңірдегі медициналық мекемелерге заманауи аппарат, санитарлық көліктердің жетіспейтіндігінен, яғни материалдық-техникалық әлеуеттің тозғандығынан хабардармыз. Дәрігерлер жетіспейді дейсіздер. Бұл мәселе де біртіндеп шешіледі. Алайда сала бойынша жұмысты ұйымдастыруда кемшіліктер көп. Нақтырақ айтқанда, жұмыста жүйелілік жоқ. Медициналық мекемелердің қызметіне қатысты тұрғындардың арыз-шағымы көбейді. Дәрігерлердің тағайындаған емдомына, медбикелердің қызмет көрсету сапасына көңілдері толмайды. Арман Талғатұлы, сіздің оқып берген баяндамаңыз менің алдымда да тұр. Ауру өсімінің динамикасы туралы неге айтпайсыздар? Облыс бойынша қандай дертті ауыздықтай алмай отырсыздар?  Сәби өлімі неге көп? Осындай мәселелердің себеп-салдары мен алдын алу жолдарына тоқталмайсыздар ма?! Соңғы жылдары өңірімізде мүмкіндігі шектеулі балалар жиі өмірге келуде. Мұндай жағдайдың алдын алып, келіншектің жүкті кезінде емдеуге болмай ма? Ақ желеңділерде неге ізденіс жоқ? Тегін дәріні де науқастарға уақытында бермейсіздер. Емханалардың қоймасы дәріге толып тұр. Халық өзіне тиесілі тегін дәріні ала алмаған соң, қалталарынан қаржы жұмсап, сатып алуда. Халыққа берілмей, жарамдылық мерзімі өткенше қоймада жатады. Осының бәрін қадағалап, реттеп отыру сіздердің тікелей міндеттеріңіз. Тегін дәрі қанша тұрғынға берілді? Қандай дәрілер жетіспей жатыр?

Бүгінгі жиында осындай мәселені көтеру керек едіңіз. Қалада да, ауылға барсаң да, тұрғындар  денсаулық сақтау саласына қатысты шағым айтады, – деді өңір басшысы.

3ae6ddb4-f865-4adc-afe3-d28dea7e67d4

«Жеке стоматологиялық кабинеттер неге қадағаланбайды?»

Кеңес отырысында ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, ардагер Бақтығали Ахметов медицина саласына қатысты өзекті мәселе көтерді. Оның айтуынша, бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызмет аясы кең болатын. Медициналық қызметтің сапасын тексеріп, қаржыландырумен және аурудың алдын алумен де айналысатын. Қазір бұл қызметтер әртүрлі мекеменің құзыретіне берілді. Сол себепті денсаулық сақтау басқармасында қағаз толтырып, есеп жазудан, тіркеуден басқа амал  қалмаған.

– Қазір Орал қаласында жеке кабинеттер мен клиникалар көбейді. Жеке кәсіпкер лицензия алады да, халыққа қызмет көрсетеді. Олардың қызмет сапасын ешкім тексермейді. Дәрігерлердің біліктілігі жете ме, оны да қадағалап жатқан ешкім жоқ. Ал денсаулық сақтау басқармасының жеке ауруханалар мен клиникаларды, стоматологиялық кабинеттерді тексеруге заң бойынша құқы жоқ. Лицензияны беретін де, қызмет сапасын тексеретін де – облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті.  Алайда аталмыш мекеме тұрғындардың арыз-шағымы болған жағдайда ғана тексереді. Дұрысында, жеке клиникаларға лицензия бергеннен кейін қадағалау  керек. Екінші мәселе – емдеу протоколында.

Дәрігерлер науқасқа протокол бойынша ғана дәрі жазып береді. Протоколдан тыс дәрі-дәрмек тағайындаса, айыппұл төлейді. Ол дәрі науқастың ағзасына жаға ма, жақпай ма маңызды емес, әйтеуір, протоколда жазылса болды. Бұл дегеніңіз ақ желеңділердің клиникалық ойлауына, соған сәйкес ем-дом тағайындауына  шектеу деп білемін, –  деді Бақтығали Ахметұлы.

Дипломы жоқ «фармацевттер» мен «массаж мамандары» көбейді

Сала ардагері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Мақсот Бергеннің айтуынша, бүгінде Орал қаласында 200-ден астам  дәріхана бар.  Кей дәріханаларда қызмет ететін провизор-фармацевттердің арнайы білімі жоқ.

– Дәрі-дәрмекті, медициналық бұйымдарды дәріханада  кез келген адамға сатуға мүмкіндік болса, фармацевт-провизорлар институтта неге бес жыл оқиды? Аяқ асты дәріханаға бара қалсаңыз, дәрігердің жазып берген рецептісін оқи алмайтын, одан қала берді сұраған  дәріңді тауып бере алмай, іздеп жүретін «фармацевттерді» көресіз. Фармацевт дәрінің құрамын толық білуі керек. Сондай-ақ медициналық массаж жасайтын мамандарда кем дегенде медбике дипломы болуы маңызды,– деді ол.

Жиында Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің директоры Қамидолла Ирменов Зашаған кентіндегі облыстық көпбейінді балалар ауруханасының маңындағы бос тұрған алаңқайға көпқабатты тұрғын үйлер салып, баспанасы жоқ дәрігерлерге берсе деген ұсынысын жеткізді. Ал облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Ақтілек Өмірбаев аталмыш орталыққа ангиограф аппаратының қажет екенін жеткізді. Содан соң өңір басшысы басқосуды қорытындылап, ұсыныс-пікірлер бойынша сала мамандарына тапсырма берді және ангиограф аппаратының қанша тұратынын анықтап, қаржы қарастыратынын айтты.

Гүлсезім Ерболатқызы,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале