2023 жылы жеке кәсіпкерлер үшін жарналар сомасы өткен жылмен салыстырғанда жоғары болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мұны түсіндірді.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдардың мөлшері заңда бекітілген, олар өзгеріссіз қалды. Алайда АЕК және ЕТЖ сияқты базалық қаржылық көрсеткіштердің ұлғаюына байланысты өзін-өзі жұмыспен қамтитындар мен жеке кәсіпкерлер үшін жарналар сомасы өзгереді", – деп нақтылады қор өкілдері.
2023 жылғы жарналар сомасы:
- жұмыс берушілер үшін – жалақы мөлшерінің 3%-ы, алайда жалақы мөлшері 10 ЕТЖ-дан (700 мың теңге) аспауы тиіс. Яғни жұмыс берушінің ең жоғары аударымы айына 21 мың теңге;
- жалдамалы жұмыскерлер мен МЖӘ шарты бойынша жұмыскерлер – өз табысының 2%, мүмкін болатын ең жоғары жарна 14 мың теңге;
- жеке кәсіпкерлер – 1,4 ЕТЖ-ның 5%-ы, яғни 4 900 теңге;
- өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (БЖТ төлеушілер) – республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ мөлшері 1 АЕК, яғни 3 450 теңге; қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ 0,5 АЕК, яғни 1 725 теңгеге тең;
- дербес төлеушілер – 1 ЕТЖ-ның 5%-ы, яғни 3 500 теңге;
- арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері – жұмыс берушілер үшін бірыңғай төлем ставкасының 15%-ы, ал қызметкерлер үшін 10%ы.
Сонымен қатар, мемлекет азаматтардың 15 жеңілдетілген санаты үшін төлеуді жалғастырады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың жеңілдік санатындағы әрбір адам үшін жарна мөлшері 4 505,6 теңге.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы ЕТЖ – 70 мың теңге, ал АЕК – 3 450 теңге.