Басқа мемлекетте тіркелген шетелдік автокөліктер Қазақстанның аумағына әкелініп, 90 күнтізбелік күн асқан бойда міндетті техникалық байқаудан өткізілу тиіс. Аталған талап осы жылдың 16 қаңтарынан бастап күшіне еніп отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат Индустрия министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото дереккөзі: almaty.tv
2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңға қол қойылған еді.
Соған сәйкес «Жол қозғалысы туралы» Заңында қарастырылған 88-баптың 1-бөлігіне басқа мемлекеттерде тіркелген автокөлік құралдары Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген немесе кірген сәтттен бастап, 90 күнтізбелік күн асқан бойда міндетті техникалық байқаудан өткізілуіне байланысты толықтырулар енгізілді.
Осы ретте елімізде жол қозғалысына қатысатын автокөлік құралдарының міндетті техникалық байқаудан уақтылы өткізілуін бақылауды ішкі істер органдары жүзеге асыратынын атап өткен жөн.
Қазір шетелдік автокөліктердің міндетті техникалық байқаудан өтуін қамтамасыз ету бойынша техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.