20.01.2023, 0:49
Оқылды: 36

Шаруашылық жайын кеңесті

Теректі ауданында мал шаруашылығымен айналысатын құрылымдар өкілдері бас қосқан жиын өтті.

Ақжайық ауылында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімі Тілек Габдушев төрағалық етті. Ауылдық округ әкімдері мен мамандары, мекеме-кәсіпорын басшылары,  ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері төрағалары, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер қатысқан шараға  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директоры Ербол Иденов, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы өкілі Қуаныш Ешимов, аудан әкімінің орынбасары Ержан Досмақов, «Ақсуат» ЖШС, «Агробизнес Қазақстан» ЖШС өкілдері арнайы келді.

IMG-20230119-WA0052

Күн тәртібінде мал шаруашылығы саласында өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап,  алдағы  жоспарлар айтылған жиында осы салаға қатысты  мәселелер қаралды. Соның ішінде ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін мақсатты игеру туралы сөз болды.

Алғаш болып сөз алған ауданның  кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Мейірбек Сұлтанов ауылшаруашылығы саласындағы оң өзгерістерге тоқталды.

-Негізінен ауданымызда  етті және етті-сүтті бағыттағы ірі қара мал ұстаймыз. Малды асылдандыруға бағыт алдық. Ауданда асыл тұқымды ірі қара бағумен айналысатын 51 шаруашылық болса, соның 38-і етті мал өсіреді. Қалған 13 шаруашылық сүтті бағыттағы мал өсірумен айналысады.

Аудан бойынша 105 мал қыстағы бар, оларда 202  адам жұмыс жасайды. Қыстақтар толықтай қажетті азық-түлік, отын-сумен қамтылған. Қажетті техникалар, байланыс желісі, электр желілері қалыпты жұмыс жасап тұр, - деп қыстақ жайын тоқталған ол: «Мал азығының жақсы қоры жасалды. Осы орайда шөп шабу кезінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысып, өнімдерін төмендетілген бағамен сатқан шаруашылықтарды  атап өткім келеді. Табиғи шөпті "LandStroyServes" ЖШС 4500 теңгеден,  "Сүйін ұрпағы" шаруа қожалығы мен «10 лет РК» ЖШС 5000 теңгеден сатты.   «Мадиев С.А» және «Ганиев Г.Г.» қожалықтары құрама жемнің қабын   3500 теңгеден жәрмеңкелерге шығарды. Мал азығын сату үшін алты мәрте жәрмеңке өткізілді, - деп өткен жылғы шаралар жайын баяндап берді.

IMG-20230119-WA0050

Жайылымдық және  егістік жерлер жағдайы  жайлы айтқан ауданның жер қатынастары бөлімі басшысы Сағадат Жолдығалиев пайдаланылмай тұрған жерлерді де атап көрсетті.

Облыстық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы директоры Ербол Асылбекұлы мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалының өкілі Қуаныш Қанатұлы шаруа-дихандарға арнайы  техникаларды алу жолдарын түсіндірді.

Әр мәселе бойынша сауалдар қойып, өздері үшін өзекті мәселелерді қозғап отырған шаруа-кәсіпкерлер жиында қажетті ақпараттарға қанығып шықты.

 

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале