Бала – болашағың. Оның қабілет-қарымы, даму деңгейі ұстаздар мен ата-аналар назарында болуы заңдылық. Әр бала бір- бір әлем. Олардың қабілет шырағын жағу – талантты ұстаз еңбегі. Бойында өнер ұшқыны бар шәкірттер тәрбиеленетін Тасқала аудандық балалардың мектептен тыс жұмыс орталығында көптеген үйірмелер жұмыс жасайды. Соның бірі – Орынғали Насибуллин жетекшілік ететін шахмат үйірмесі.
Адамның тактикалық ойлау қабілетін дамытатын, ең танымал, әрі ең элиталы ойындардың бірі – шахмат. Бұл ойынының тарихы мыңдаған жылдарға татиды. Ақыл-ой спортының бұл түрі екі ойыншы арасында шахмат тақтасында ойналады. Ойын тақтасы 64 шаршыдан тұрады.
«Қазіргі таңда үйірмеде 12 балғын бар. Үйірме жұмыс күндері сағат 9-дан бірге дейін, үштен алтыға шейін жұмыс жасайды. Шәкірттерімнің шахмат ойынына деген қызығушылықтары жоғары. Шахмат ойнау математикалық қабілеттілікті, логиканы, стратегиялық жоспарлау құру дағдыларын, төзімділікті, жауынгерлік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Жылда өтетін аудандық турнирлерде оқушыларым жоғары дәрежеде ойын өрнегін көрсетіп, жеңісті орындардан көрінуде», - дейді үйірме жетекшісі.
Ендігі жерде ауданда шахмат клубы ашылса деген арманын да жасырмады. Өйткені көпшілік бұл ойынға қызығушылық танытқанымен, әуесқойлар бас қосатын арнайы орын жоқ. «Өзім аудан орталығында шахмат клубы ашылса деймін. Қазіргі кезде бұл өте маңызды. Кезінде жалпы осы ойымызды қолға алғандар болды. Алғаш болып шахмат клубын ашылуына өз ойын ұсынған ауданымыздың фермері, кәсіпкер Есентай Жамансариев болды. Онымен ол көшіп кетіп, клуб ашылмады. Одан кейін осы істі зейнеткер Ғалимат Ахметов деген ағамыз қолға алмақ болды. Ол әкімдіктің қолдауымен ашқан еді. Онымен бұл істі жалғастырмай қалдырды. Сонымен қатар Ганмирлан Тұрғаналев ағамызда осы істі қолға алып ашқан болатын. Екі жылдай уақыт аталмыш клуб елге қызмет атқарды. Басқа салаға ауысуына байланысты шахмат клубы өз жұмысын тоқтатты. Физика пәнінің мұғалімі Аман Тасмағамбетов шахматшылардың басын қосқысы келіп ниеттенген болатын. Онымен орталықтан бос орын табылмай, аталған шаруалар аяқсыз қалды. Шахмат клубы ашылса әуесқой шахматшылардың бастары бірігіп, артта келе жатқан жас буынның да қызығушылықтары артар еді. Тек шахмат емес, сонымен қатар тоғыз құмалақ, дойбы сынды ойындарға да жол ашылар еді», - дейді Орынғали Насибуллин.
Жалпы ауданда алғаш рет балалар-жасөсіпірімдер спорт мектебінің жанынан шахмат үйірмесін ашқан Сағынғали Дощанов ағамыз болды. Сол кісінің шәкірттерінің бірі Орынғали Насибуллинде ұстазы секілді шәкірт тәрбиелеп, жастарға жол ашуды мақсат қоюда.
Болат Бек,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz