Жақында «АМANAT» партиясы Бөрлі аудандық филиалында Партиялық Бақылау Комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде қаралған мәселе Ақсай қаласының қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмысы мен Ақсай қаласының тазалығы. Партиялық Бақылау Комиссиясының төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты Дариға Нұрашова (Осы жолдардың авторы) жүргізген отырыста Ақсай қаласының әкімі А. Баяндықов, "Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары" ММ басшысы Д. Акмамбетов және "АксайТазаСервис" ЖШС директоры Т. Бекмағамбетовтер хабарлама жасады. Аудандық мәслихаттың хатшысы Қ. Ермекбаев және аудандық мәслихаттың депутаты Әсел Имашевалар көтерiлген мәселелер бойынша қордаланған проблемаларды шешу жолдарын анықтау үшін қалыптасқан жағдаймен егжей-тегжейлі танысуға тырысты. Және отырыс қорытындысында қала тазалығы мен күл-қоқыс төгілетін полигонның жағдайы әрқашан назарда болатыны баса айтылды.
Күл-қоқыстың жырын айт...
Аудан бойынша қалдықтар, яғни күл-қоқыстар төгетін ең үлкен полигон Ақсай қаласында. Қалған ауылдық округтердегі қалдық төгетін орындар полигон емес, үйінді (свалка) боп есептеледі. Ал қаладағы қоқыс полигоны «Горкомхоз» МКК теңгерілімінде. Бүгінде осы полигон туралы сұрақ та көп, әңгіме де көп. Сондықтан әуелі «Тұрғын үй,коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары ММ басшысы Дастан Ақмамбетовті сөйлетсек:
– «1984 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан бұл полигонның жалпы ауданы 18,7 га жер. Қазіргі уақытта полигон аумағында тұрмыстық қатты қалдықтардың жаз айларында жануын болдырмау үшін қоқыстарды жер бетіне көму жұмыстары жүргізілуде. Оның себебі, қазіргі жұмыс жасап тұрған қалдықтар полигонының мерзімі өтті. Бізге жаңа полигон керектігі анық. Ақсай қаласында жаңадан салынатын тұрмыстық қатты қалдықтарды сақтау полигоны құрылысына техникалық экономикалық негіздеме де жасақталды. Заманауи техникалық мүмкіндіктер мол Жоба құны 1,5 млрд. теңге. 40 гектар жер дайын десе болады. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы 2022 жылдың 30 қаңтарында алынды. ЖСҚ жасауға 85.млн. теңге қаражат қажет. Біз қазір осы қаражатты табу бойынша жұмыстанудамыз. Әзірге қолдау болмай тұр -деп қынжылды Дастан Тілекқалиұлы. – аудан бойынша анықталған иесіз қалдықтар туралы да айта кетсем, барлық анықталған қалдықтар 76, соның ішінде ауылдық округтерде 22, Ақсайдың өзінде 54. Қала бойынша 25 қалдық үйіндісі, ауылдық округтер бойынша 6 қалдық үйіндісі жойылғанын да айта кетейін. Жалпы, 2022 жылы 27 000 тонна иесіз қалдықтар жойылды».
«АқсайТазаСервис» Ақсайды таза қыла ала ма?
2022 жылдың 26 сәуірдегі күл-қоқыс полигонын жалға беру шарты және Ақсай қаласы тұрғындарымен 2022 жылдың 11 маусымындағы қоғамдық келісімшарт негізінде, қалдықтарды жинау, тасымалдау, орналастыру бойынша жұмыстарды «АқсайТазаСервис» атқарады. Компанияның директоры Тимур Бекмағамбетовтың айтуынша, қолдан келгеннің бәрі жасалуда.
– Мен өзім жергілікті жердің азаматымын. Сондықтан біздегі негізгі проблемалармен жақсы таныспын. Осы саланы зерттегеніме біраз болды. 100 пайыз көңілден шығып жатпаған шығармыз. Біраз идеялар мен заманауи ұсыныстарым бар. Бірақ кейде қысқа жіп күрмеуге келмей қап жатады. Қала тазалығы ортақ нәрсе. Тұрғындар да бізге көмектессе, тазалықты, мәдениетті сақтаса екен дейміз. Иә, күл-қоқыс шығарудың да өз мәдениеті, анығырақ айтқанда жөні бар ғой. 200 теңге төледім деп кез-келген жерге үйден шыққан күл-қоқыс, қалдықтар лақтыра салуға болмайды меніңше. Сосын, 200 теңге демекші, оны да төлемей отырғандар бар. Сылтаулары, менің үйімнен аз мусор шығады, болмаса мен мусор шығармаймын, т.б. Ал күнде көшелердегі күл-қоқыстарды жинау сияқты ауыр жұмыста жүргендердің жалақы алулары керек емес пе? Қазіргі жаңа техникалар да өте қымбат екенін білесіздер. Айта берсе сөз көп...
Иә, «таяқтың екі ұшы бар» демекші, тұрғындар дер кезінде жинап үлгермейді деп «АқсайТазаСервис» мекемесін кінәласа, аталмыш мекеме қала тұрғындарының тазалыққа салғырт қарайтындарына өкпелі. Бастысы, 2018 жылғы жағдай қайталанбаса екен. Сол жылы қала күл-қоқыстан тазартылмай, шу шыққанын тұрғындар ұмыта қойған жоқ. Онда жұмысқа Оралдық «ДемСервис» мекемесі тартылған еді. Сондай ақ «Асар» атты бастамамен елдің жергілікті кәсіпкерлері де көмекке келгені есте. Ал соңғы жылдары қала тазалығы тағы да нашарлай бастағасын, аталған мекеме нарықтан ығыстырылып, бұл шаруаны «АқсайТазаСервис» ЖШС өз мойындарына алған болатын.
Ғарыш арқылы қоқыс іздеу
Қала тазалығына ең мүдделі мекеменің бірі Ақсай қаласының әкімшілігі. Ақсай қаласының әкімі А.Баяндықов болса қала тазалығының күнделікті қатаң бақылауда екенін айтады.
– Жалпы, тәжірибеге сүйенсек, көп жағдайда қала тазалығымен айналысатын және қоқыс төгетін полигонды жалға алған мекеменің бір болуы жұмысты жеңілдетеді. Қазір қала бойынша «АқсайТазаСервис» ЖШС-інің 6 күл-қоқыс шығаратын арнаулы көлігі жұмыс жасауда. Қалада 150 контейнер алаңқайы бар. Онда 450 дана темір контейнер, 250 дана европалық үлгідегі контейнер, 81 дана тор контейнер қойылғанын айта кетейін. 2022 жылы қала бойынша 27 мың тонна күл-қоқыс шығарыппыз. Сондай ақ, өзіміз анықтағаннан бөлек, өткен жылы БҚО Экология департаментімен бірлесе отырып, «Қазақстан Ғарыш сапары ҰК» АҚ арқылы ғарыштан түсіру нәтижесінде аудан аумағында 12 қоқыс үйіндісін анықтадық. Және ол үйінділерді жойдық та.
Қала қай жағынан алғанда да да күннен күнге өсіп келеді. Тұрғындар саны да артуда. Тұрғындар саны артқан сайын шығарылатын қалдықтар көлемі де ұлғаятыны белгілі. Демек, жұмыс көлемі де артуда деген сөз. Осы қарқынға ілесе алсақ болғаны да.
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz