Өткен аптада «Атамекен» өнер ордасында суретшілердің халықаралық көрмесі өтті.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, қала тұрғындары мен қонақтарына және осы бір тілсіз һәм тылсым өнер туындыларына жаны жақын жандарға көрменің сыйлаған әсері мол. Енді әдеттегіден өзгешелігі, әлгінде айтқан, халықаралық деңгейде ұйымдастырылуы болса, екінші қыры – әлем таныған үш бірдей қылқалам шебері туындыларының көпшілік назарына ұсынылуы еді. Мән-маңызы терең, көрген жанның көкірек сарайын кеңітетін аталған ізгі іс-шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев ашты. Ол көрмеге келген үлкен-кішіге өз ризашылығын білдірумен қатар, осындағы заманауи туындылар арқылы жас ұрпақтың бойында сурет өнеріне деген құштарлықты ерте ояту – негізгі мақсат екенін айтты.
Сонымен, сол күні шығармалары ортақ үндестік тапқан үш суретші – нидерландтық Николь Карстенстің, австриялық Вилли Кемпельдің және қазақстандық Сәкен Ғұмаровтың туындылары аталған өнер ордасының көрме залына қойылды. Оны тамашалаушылар қатарында өлкемізге танымал тұлғалар, мәдениет майталмандары, жергілікті суретшілер, тіпті жас толқын мен мектеп оқушылары да болғанын айта кетелік. Осы ретте, алдымен, Николь Карстенстің өмір дерегіне аз-мұз тоқталсақ, ол – 1958 жылдың 9 ақпанында Нидерландының Гаага қаласында туған, төрт ұл-қыз ортасындағы екінші перзент. Университет бітіргеннен кейін өзіндік мансабын кескіндеме мен сурет салудан бастапты. 1980 жылдардың ортасынан туындылары Нидерландыда, АҚШ-та, басқа да елдерде жеке және топтық көрмелерге қойылған.
Кәсіби мамандардың пайымынша, талантты жан көбіне өз еңбектерінде: «Ұмытпа! Сен өмірдің тұрақты тұрғыны емес, жолаушысы ғанасың» деген ойды аңғартпақ болғанға ұқсайды. Өзі де аз ғұмырда көп іс тындыруға асыққан. 2000 жылдың қараша айында ол айықпас дертке шалдыққанын білісімен, бар арман-тілегі көркемдік қор құру болыпты. Содан 2001 жылдың сәуірінде, яғни суретшінің жүрегі соғуын тоқтатуына санаулы сәттер қалғанда «Арт-Сенс» атты қордың тұсауы кесіледі. Қазіргі таңда оның шапағаты айдай әлемге шашырап тұрған тәрізді.

– Өнер деген құдіретте шекара жоқ, болмайды да... Мынау көрме соның бір дәлеліндей. Мен өз өлеңіммен барша жұртқа рухани азық сыйласам, Николь Карстенс артына қалдырған суреттерімен адамзат баласына мейірім шуағын шашуда. Көздеген мақсат та біреу, ол – ұрпағымыздың жанжақты сауатты, тәрбиелі әрі мәдениетті болып қалыптасуына жол ашу. Әрі ұлтымыз бөлек болса да, әйел-ана ретінде өмірге, өнерге деген құштарлығымыз және ортақ деп ойлаймын.
Мені бүгін тағы бір таңдандырып тұрған жайт, есімі дүние жүзіне жайылған сол адамның бауырым Андремен қауышып тұрғанымыз. Әлгінде оның Нидерланды елінің Қазақстандағы елшісі екенін білдім.
Көне шаһар – Орал қаласында өтіп жатқан әпкесінің көрмесіне арнайы келіпті. Мынау «Атамекен» өнер ордасы осындай игі істерге айқара құшақ ашып, жақсылықтың жаршысы бола берсін, – деді Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған ардақты ақын апамыз Ақұштап Бақтыгереева.

«Биік төбеге биік өре шығарады» дегендей, бұл күні туындылары төрден орын алған тағы бір қылқалам шебері – Вилли Кемпель. Ол да елші. Австрияның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан республикаларындағы өкілі. Бүгінде неміс, ағылшын, француз, испан тілдерін еркін меңгерген азамат енді орыс тілін үйрене бастапты. Жаратылысынан саяхат пен спортты жанына серік еткен суретшінің актерлік те, режиссерлік те қабілеті бар екен. Оның жұмыстарының басты тақырыбы – өмір өрнектері мен эмоциялық көріністер. Туындылары Астана, Доха, Брюссель, Тель-Авив, Женева және Вена көрмелеріне қойылған.
Аты мен атағы алыстарды шарлаған, тектілік тамыры сон-а-а-у құм Нарыннан тартылған жерлесіміз Сәкен Ғұмаров мұраларының да осы жерден табылуы заңдылық еді. Ал көрмелерінің Алматы, Мәскеу, Ялта, Сочи, Вильнюс, Челябинск және Орал қалаларында өткені көпке мәлім. Мынау дүниеге деген көзқарасы, таным-түйсігі бөлек жанның қолтаңбалары да өзіндік бояу-нақышымен ерекшеленеді. Оны сана сәулесін түсіріп, көкірек көзімен көргенде ғана терең ұғынуың кәдік.
Өз кезегінде әпкесі туралы әсерлі сыр шертіп, көптің көңілін толқытқан інісі, елші Андре Карстенс сөзін бірер ауыз қазақша сабақтап, әрі қарай ойын орысша өрбітті.
– Апам Николь бала жасынан ерекше жаратылыс иесі атанды... Өкініштісі, осыдан 22 жыл бұрын қайтты, бірақ өшпес өнері әлемді шарлап кетті. Міне, бүгін сіздердің көрікті мекеніңізде көрмесі өтуде. Мен бауырымды әркез мақтан тұтамын, кейде картиналары арқылы өзімен сырласқандай да боламын, – деген құрметті мейман апасына арнап өзі жазған туындысын да тебірене орындап берді.

Халықаралық көрмеде әсем әндер де шырқалып, келушілердің көңіл көкжиегін шуақты нұрға бөледі.
Айтпақшы, сыры терең сурет әлеміне жаны құштар Жайық жұртшылығының құлағына алтын сырға! Көрме ақпан айының жиырмасына дейін жалғасады.
Бауыржан Бисенов,
zhaikpress.kz