Қытай азаматы АҚШ-та инженерлер мен ғалымдар туралы ақпараттарды жинау арқылы қытай үкіметінің пайдасына тыңшылық жасағаны үшін 8 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі, CNN-ге сілтеме жасап.
31 жастағы Цзи Чаокун өткен жылдың қыркүйегінде Қытайдың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің агенті ретінде заңсыз әрекеттері және АҚШ армиясына жалған куәлік бергені үшін сотталған болатын.
Әділет министрлігінің мәліметінше, Цзиге қытайдың барлау қызметіне АҚШ инженерлері мен ғалымдары туралы өмірбаяндық ақпараттар жинап, оларды тыңшы ретінде тарту тапсырылған болатын. Цзи 2016 жылы Иллинойс технологиялық университетін бітіргеннен кейін 1 жылдан соң АҚШ армиясының резервіне қызметке алынған. Дәл осы жайт оның Америкада жұмысқа орналасуына мүмкіндік берген.
Қызметке кіру барысында берген өтінімінде Цзи соңғы 7 жылдың ішінде шетелдік үкіметтермен ешқандай келісімшарты болмағандығы жайында жалған мәлімдеме жасаған. Ол сонымен қатар қытай барлау қызметінің қызметкерлерімен қарым-қатынасын жасырған.
2018 жылы Цзи Қытайдың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің өкілінің атын бүркемелеген АҚШ құқық қорғау органдарының агентімен бірнеше рет кездескен. Кездесулер барысында ол әскери куәлігінің көмегімен «Рузвельт» санатындағы ұшақ тасымалдағышқа кіріп, суретке түсіре алатындығын айтқан. сондай-ақ Цзи АҚШ азаматтығын алғаннан кейін АҚШ-тың Орталық барлау басқармасынан, Федералдық тергеу бюросынан немесе NASA-дан жұмыс іздейтіндігін атап өткен.
Цзи өткен жылы АҚШ-тың бірнеше авиациялық және аэроғарыш компанияларының коммерциялық құпияларын ұрлау мақсатындағы астыртын әрекетке қатысқаны үшін 20 жылға сотталған Қытай Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Цзянсу бөлімі директорының орынбасары Сюй Яньцзюняның жетекшілігімен жұмыс істеген. Сюй Федералдық тергеу бюросының тыңғылықты жұмыстарының нәтижесінде Бельгияда ұсталып, сотқа тарту үшін АҚШ-қа экстрадицияланған бірінші қытай тыңшысы еді.
Фото: Liu Jie/Xinhua/Getty Images