28.01.2023, 16:24
Оқылды: 54

Түйіткілді мәселелер шешімін табуда

Бәйтеректіктердің орталықтандырған ауыз сумен қамтылуы қарқын алып келеді. Бүгінде аудан тұрғындарының 84 пайыздайы сапалы суды пайдалануда. Бұл өз кезегінде жаңа түйткілдерді туындатып отыр. Яғни су келгеннен соң тұрғындардың үйге әжетхана, ванна қоюы салдарынан септикке қатысты мәселе шықты. Соған орай ауылдық округтерде туындаған бұл проблеманы шешу бағытындағы жұмыстар биылдан бастап қолға алынбақшы. Осы және өзге де жайттар жөнінде аудан әкімі Марат Тоқжанов 27 күні Янайкин, Көшім, Щапов ауылдық округтары тұрғындарымен кездесуі кезінде мәлімдеді.

185F161B-951A-4744-84F9-DE6F2A167B8A

Янайкинде өткен жиында ауыл әкімі Сәуле Аққайырова осыдан бір жыл бұрын болған есептік кездесуде бес өзекті мәселені шешу көзделгенін айтты. Былтыр солардың біразы шешімін тапты. Яғни  бұралқы  иттерді оқшаулау үшін аудандық ветеринарлық бөлімге 6 ұсыныс беріліп, 35 ит оқшауланды. Екіншісі - балабақша мәселесі. Соған орай ескі мектептің ғимараты балабақшаға бөлінді, ішіне жөндеу жұмыстары жүргізілді, қажетті заттардың көбі алынды. Енді тоңазытқыш, шаңсорғыш пен кір жуғыш машинасын алуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінуі күтілуде. Мектепке спорттық құрал-жабдық алу жайы бұйыртса биыл жүзеге аспақ. «Жайық ПГС» ЖСШ демеушілік көрсетуге уәде берді. Шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселенің бірі - ауылға дәріхана ашу. Негізі мұнда бұрын дәріхана болды. Дәрі-дәрмек сату тиімсіз болғандықтан 2018 жылы «Макушин» ЖК жұмысын тоқтатты. Соған орай ауыл әкімі аудандық аурухана басшысына жергілікті  амбулатория жанынан дәріхана ашуға ұсыныс  білдірген. Алайда оған рұқсат етілмейтіні туралы жауап алған. Ал Орал қаласындағы бұл бағыттағы кәсіпкерлер ауылда фармацевт болса, дәріхана ашқысы бар. Қазір өкінішке орай округ бойынша фармацевт маманы жоқ. Ауылішілік жолдарды жөндеу де күн тәртібінде тұр. Жергілікті қоғамдастық шешімімен Янайкин ауылының Тәуелсіздік, М.Момышұлы, Достық, Бәйтерек, Еуразия көшелері бірінші кезекте жөнделуі қажетСоған сәйкес бұл көшелер өлшеніп, тиісті сызбалар жасалып, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсынылды.

C30135D5-4E6E-4E14-B794-B13598DEC658

Ал Көшімде былтыр қылмыс атаулысы 2021 жылмен салыстырғанда төмендеген. Нақтылап айтқсанда, округ аумағында 2021 жылы 16 қылмыс тіркеліп, оның 15-і ашылса, былтыр тіркелген 9 қылмыстың 8-і ашылды. Округ аумағыда құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік және жекешілік әріптестік аясында 27 бейнекамера орнатылды.

- Өткен жылы көтерілген 4 өзекті мәселе болды. Оның алғашқысы мектепті күрделі жөндеуден өткізу. Соған байланысты жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға аудандық білім беру бөліміне өтінім жолданбақ. Мәселе қаражаттың бөлінуіне байланысты шешіледі. Жер телімдерінің жетіспеуі де – мұндағы түйіткілдің бірі. Жер сұрағандарға ауылшаруашылық жерлері жөнінде түсініктеме беріліп, олар аудандық конкурс арқылы берілетіні айтылды. Пайдаланылмай жатқан жерлерге ревизия жүргізілуде, заң талаптарына сәйкес кейбір телімдер мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін. Колесов ауылындағы 4 үйге газ өткізуге қатысты аудан әкімінің орынбасары М.Залмұкановтың қатысуымен кездесу болды. Онда аталмыш үй иелеріне газ өткізу құнын мердігер есебінен азайтуға көметесу жөнінде түсіндірілді. Балабақшаның төбесінен қыста қар кіруі мәселесі аудандық білім беру бөлімі басшысының назарына алынды. Қажетті құрылыс материалдары жеткізілініп, биыл жөнделетін болды, - деді Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Алмурзин.
053897AA-00EA-4271-ADB7-2B8442EB991B

Щаповта да алдыңғы кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынып, іске асырылуда. Мәселен, Щаповтағы ауылішілік 2,5 км көше жолдарына күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып, ол сараптамадан өтті, биылға қаражат қаралды. Жаңатаң ауылының кіреберіс жолды тегістеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы былтыр ауылдық округі әкімінің аппаратына жеке және заңды тұлғалардан 21 өтініш түсті, жеке қабылдауда 13 адам болды, барлық өтініш заңға сәйкес қаралып, шешімін тапты.

62DE92D5-6E26-4D5D-83EF-0977CC7F1D62

Ауыл әкімі Біржан Нұрбайыровтың сөзіне қарағанда, биылғы жылға жоспарланған жұмыстардың ішінде Щаповтағы 2,4 км ауылішілік жолдарын, орталық спорт алаңын күрделі жөндеу, көше жарығын тарту, өрнектас (брусчатка) төсету, шағын футбол алаңын салу, стрит воркаут құрылғыларын және көше отырғыштарын орнату бар. Сондай-ақ Щапов ауылының Байқоңыр көшесіндегі көп пәтерлі үйлердің ауласын қоршау, көше жарығын тарту, көше отырғыштарын орнату, Орал-Атырау тас жолының және Кең дала көшесінің бойынан 850 метр жерді қоршатып, 500 түп пирамидалды тополь ағашын отырғызу, Жаңатаң ауылында орнатылған билайн станциясын іске қосу да жоспарланып отыр.

Жалпы үш ауылдық округте өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан септик, азық-түлік бағаларына бақылау жүргізу, жас мамандарды әлеуметтік қолдау, жедел жәрдем көлігінің қажеттілігі сықылды мәселелер көтерілді.

 Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале