1.02.2023, 9:00
Оқылды: 58

Ауылда ілкімді іс көп

Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың сейсенбі күнгі кездесулері Сұлукөл, Құрманғазы, Чиров, Раздольный ауылдарында жалғасты.

IMG-20230201-WA0014

Аудан басшысы былтыр Бәйтеректе атқарылған жұмыстар туралы айтып, ауыл халқының көкейлерінде жүрген сауалдарын, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Округ әкімдерінің іскерлігі сыналатын жиында бұқара жергілікті атқарушы биліктің жыл ішінде атқарған жұмысына бағасын берді.
Сұлукөлдіктер сыпайылығымен, мәселенің байыбына бармай байбалам салмайтын ішкі биік мәдениетін байқатты. Халықта ауызбіршілік бар. Ауыл округінің әкімі Жасұлан Қойшыбаевтың есебін тыңдауға жиналған тұрғындардың қарасы қалың болды. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, былтыр «АгроСервисБатыс» ЖШС 97,4 млн теңгені ауылға 3 тұрғын, 2 астық қоймасы мен ауылшаруашылық техникаларын алуға жұмсаған. Округ аумағында дәнді дақылдар егумен, мал өсірумен және бөлшек саудамен айналысатын 9 ауыл шаруашылығы құрылымы, 2 ЖШС, 7 шаруа қожалығы және 4 жеке кәсіп иелері жұмыс істейді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 620 ц ет, 3350 ц сүт, 86 000 дана жұмыртқа өндірілген.
Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктегі ілкімді істер ілегін Құрманғазы ауылы тұрғындарының да келіскен тұрмысынан көруге болады. Қымыз өндіріп отырған «Горбачев» шаруа қожалығының жылқысы бүгінде 160 басты құрап, есептік мерзімде 36,08 тонна қымыз дайындалған. Округ бойынша 2 ЖШС, 9 шаруа қожалығы, 10 жеке кәсіпкер тіркелген. Сондай-ақ жұмыспен қамту, газ өткізу, ұялы байланыс, абаттандыру бағыттарында да айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Қаржы саласына тоқталсақ, 1411 млн салық жиналып, бюджет толықтай игерілген.

IMG-20230201-WA0011
Экономикалық көрсеткішпен бағамдасақ, Чиров ауылдық округі көлік, мүлік және жер салығы бойынша былтыр бюджетке 7 млн. 139 мың теңге табыс кіргізген. Ал түскен қаражаттың 2 млн 169 мыңы балалар ойын алаңының аумағындағы жаяу жүргіншілер жолын абаттандыруға жұмсалған. Ауыл ажарын арттыру, жарықтандыру, жол мәселесіне қатысты ел игілігіне бағытталған біраз жұмыстар округте биыл да жалғасын таппақ.
Былтыр Раздольный ауылдық округіне қарасты Ақбидай ауылында балалар ойын алаңы пайдалануға берілген. Төрт көшенің жарығы мен бағандарын ауыстыру жұмысы толық аяқталған. Ескі трансформатордың орнына жаңасы қойылған. Ауыл саябағына электр жүйесі тартылып, 4 жарық шам орнатылған. Биыл Октябрьская, Белорусская, Молодежная және Юбилейная көшелеріндегі электр жүйесін, бағандар мен көше шамдарын жаңарту, су қоймасындағы қақпаларды (шлюз) жөндеу және қыстай жиналған көң-қоқыстарды шығаруды ұйымдастыру жұмыстары жоспарда тұр.

Алмагүл Есентемір,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале