2.02.2023, 9:15
Оқылды: 48

Талаптының тұлпары тас қиядан таймайды

Өңірімізде студент бола тұра бірқатар шаруаны оқумен қатар алып жүрген жастар бар. Солардың ішінде Айтуған Тастеновті ерекше атауға болады. Жоғарғы оқу орнына  өзі құралпы жастардан біршама уақыт кешігіп барса да, оның білім алуға деген талпынысы – бүгінде көпке үлгі. Сондай-ақ байсалды мінезі мен салмақты сөздері қазақы тәрбиеде өскенін қашанда айқындап тұрады. Ол бізге студенттік шағы,  қазіргі шаруа қожалығы және алға қойған арман-мақсаты жайлы айтты.

IMG-20230202-WA0000

Орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына 8 жылдан кейін келдім, – деп сөзін бастады Айтуған. Санада «Сегіз жыл бойы оқуға келмеуіне не себеп болды екен?» деген сұрақ қалды. Соны аңғарғандай ол да бәрін басынан айтуға кірісті. Өзінің айтуынша, Жаңақала ауданында 1993 жылы дүниеге келген кейіпкеріміз 2011 жылы Көпжасар ауылындағы Дина Нұрпейісова атындағы орта мектепті тәмамдайды. Оқуын әрі қарай жалғастырмақ ниеті 17 жастағы жігіттің көңілін алға тартып тұрғанымен, аса бір мүмкіндік болмаса керек. Сөйтіп «Ауылда бос жүрмейін» деп, бір ауқатты адамның 117 бас жылқысын бағады. Ақталған сенімнің арқасында сегіз жыл ішінде тағы да 300-ге жуық қылқұйрық қосып, жалпы саны 400-ден аса жылқыны жауапкершілігіне алады. Ол негізгі шаруадан бөлек ара-тұра май, ағарған, жұмыртқа да сатып жүреді. Айтуынша, болашақта ауылдың, соның ішінде мал шаруашылығының дамуына атсалысуды мақсат тұтады.

– Еңбек етемін деген адамның қолы күрмелген емес. Керісінше, еңбектің адамды әр істе жауапты болуға үйрететіні айқын. «Әке көрген оқ жонар...» дейді ғой бабаларымыз. Әкем – жылқышы әрі ер-тоқым жасаудың шебері. Кей уақытта аттың ер-тоқымын жасатуға аудан орталығынан да тапсырыс түсіп жатады.

Ол бізді ес білгенімізден еңбекке баулыды. Жасымыздан сол кісіге жәрдемдесіп өстік. Бізді құмды мекеннің құшағында еңбек есейтті. Табиғаттың күрт құбылуына қарамастан далада жүрген кездер де аз болмады. Кейде отырып ойланамын. Бүгінде ата-анамыздан үйренген қажырлы еңбектің арқасында қатарымызда жарқырап жүргендейміз. Әрине, жаспыз. Бәрі өз уақытымен келетіні тағы бар. Мен 2019 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіндегі филология факультетіне ақылы негізде оқуға түстім. Мақсаттарымның маңыздысы орындалғандай болды. Себебі уақытында құмды ауылдың қойнауында оқуға қаражат жинау үшін мал бағып қалған едім.

Сонымен, студентпін... Мен үшін жаңа кезең басталғандай болды. Алғашқы кездері іштей таңғалыстар мен қорқыныштар маза бермеді. Өйткені біздің қоғамда, біз өмір сүріп жатқан ортада жасы 26-ға келген адамның оқуға ден қоюуын әлі де дұрыс қабылдай алмайтындар бар. Оған талай рет куә болдым. «Еріккеннің ермегі» деп миығынан мырс еткендерді де көріп жүрдім. Кейде адамдардың, соның ішінде жастардың бірсарынды өмір қалыбынан шыға алмай, небір тәуекел ететін тастүйін болып жарқырап көрінбей, болбыр күйінде қалатынын байқаймын. Алайда мақсатына жетемін деген жігіттің жігері құм болмай, тынымсыз алға ұмтылуы тиіс. Өз ортаңа сыйлы болу – шынайы, байсалды мінезіңнен. Топтағы студенттердің көбімен жас айырмашылығына қарамастан әзілдесе жүріп, жақын дос болып кеттік, – деген ол студент боп жүргеніне қуанатынын жасырмады.

Өзі айтып өткендей, небір суық күндер мен аптап ыстықты көріп, шыңдалған студенттің бір бүйрегі ауылға бұрып тұрары анық. Әсіресе, демалыс күндері қаланың қарбаласынан құтылу үшін ауылға «қашатын» көрінеді. Жасынан жылқы жалын тартып мінген ол 2021 жылы ешқандай несиесіз «Айтуған Агро» шаруа қожалығын ашқан. Бүгінде сол қожалықтың иесі. Жүздің үстінде жылқы бағуда. Сондай-ақ еселі еңбегінің есебінен өзіне жаңа автокөлік те алып мінген.

Жалпы оның қандай тақырып болмасын әңгімені жылдам бастап, асықпай тарқататынын білетін едік. Әңгіме арасында өзі айтып отырған ауылға, жазыққа бірге барып қайтқандай боласың немесе қазір-ақ аттанғың келеді. «Даланы шексіз жақсы көремін. Далада өзіңді санаңдағы шектеулерден бір уақыт босатасың. Еркіндікті сезінесің. Жаз мезгілінің кей күндері атқа мініп алып, кең жайлауда серуендеймін. Сондай сәтте санамдағы көп сұрақтың шешімін тапқандай шаттанамын. Жылқының қадір-қасиетін де, адамға серік болар жануар екенін де ұғынамын. Сосын ойыма Асқар Сүлейменовтің «Жалғанның жалғандығын жылқының жанарынан асырып көрсетер айна, қане?!» деген сөзі оралады. Маған адамды табиғат та тәрбиелейді деген ой келеді», – дейді  даланың  перзенті.

Жыраулар поэзиясын сүйіп оқитын, әсіресе Махамбет Өтемісұлының рухты жырларын рухани азық санайтын Айтуғанның университет қабырғасында кез келген өлеңді мәнерлеп, жүректерге жеткізіп оқитынын көбі біледі. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға, оқу ордасындағы түрлі іс-шараларға белесене араласып жүр. Орайы келгенде айтайық, ол облысымыздағы «ТДК-42» телеарнасының «Алаң» бағдарламасында ауылды дамыту жайында өзінің бірқатар ұсынысын ортаға салған. Университет қабырғасында өлеңге құштар студент-жастардан құралған «Параллель» поэзиялық бірлестігінің мүшесі. Көркемсөз оқу, жырларды мәнерлеп жатқа айту жағынан өзінің шебер екенін талай ортада көрсеткен. Қазақ әдебиетіндегі бүгінгі ақын-жазушылардың шығармаларын жиі оқып, орамды ойларын қойын дәптеріне түртіп отырады екен. Осының бәріне уақыт тауып жүрген алғыр Айтуғаннан негізгі оқу бағдарламасына қаншалықты үлгеретінін  сұрағанбыз.

– Сөзімнің басында айтып өткендей, білім алуды әр кез армандадым. Әр адам бір саланы меңгеруге тиіс деп есептеймін. Сондықтан сабағыма жауапкершілікпен қарауға тырысамын. Ең бастысы – бұл мамандықты жаным қалады.

Темірді қызған кезінде соққан дұрыс, әрине. Діттеген мақсатыңа жетудің ерте-кеші жоқ. Болашақта қазақ тілінің мәртебесі үшін еңбек еткім келеді. Тіл – ұлтымыздың негізгі құндылығы. Қазіргі таңда ізденіс үстіндемін. Барынша оқуға ден қоюдамын. Әдеби шығармалармен қатар тіл білімін зерттеген ғалымдардың да еңбектерін оқып жүрмін. Ойлап отырсам, студенттік шақ – адам ғұмырындағы ең тәтті естеліктері қалатын кезең. Сондықтан да білім алуға берілген уақыт пен жасалған жағдайды тиімді пайдалануымыз қажет. Сонда ғана өткен күндерге өкінішсіз қарай аламыз, – дейді Айтуған Шаймарданұлы.

Қысқасы, елдің болашағы саналатын қазақ жастары еңбекқор және білімді болуы маңызды. Ал кәсіби білім алу үшін қай  уақытта да арланбаған  абзал.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале