Бүгін, яғни ақпан айының алғашқы бейсенбі күні – Дүниежүзілік сайлау күні. Осы орайда Шыңғырлау аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Қалиев саяси партия және қоғамдық бірлестік жетекшілерімен кездесті.
Кездесу барысында, сайлау күнінің шығу тарихына, алдымызда тұрған саяси науқанның ерекшеліктеріне тоқталды. Нұрлыбек Есенұлы, өз сөзінде елімізде сайлау жүйесіне тоқтала отырып, үстіміздегі жылдың 19 наурызында өтетін Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауының қалай өтетінін толық түсіндірді.
- Бұл жолғы саяси науқан әдеттегіден өзгеше. Енді Мәжіліс депутаттарының 70%-ы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30%-ы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша қатысады. Депутаттардың 50%-ы бір мандаттық жүйе арқылы, 50%-ы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы 100% бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша өтеді, - дей келе, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Қалиев жиынға қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz