3.02.2023, 11:46
Оқылды: 48

Ауыл әлеуеті артуда

Былтыр Бәйтерек ауданы Белес ауылдық округінде «Мектепке жол» акциясы аясында 1,1 млн. теңге шамасында демеушілік жасалды. Ал Переметныйда өткен жылы 21,9 млн. теңге көлемінде салық жиналды. Бұл туралы аталмыш ауылдық округтарда өткен аудан әкімі Марат Тоқжановтың есептік кездесулері кезінде баяндалды.

 17c271f1-a9b7-41d3-bb3a-ed695f189234

Белес ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Жүнісованың сөзіне қарағанда, былтырғы кездесулерде көтерілген төрт өзекті мәселе шешімін тапты. Олардың арасында Белес-Орал-Белес бағытында қоғамдық көлік маршрутын ұйымдастыру, тұрғындар сұранысына сәйкес ауыл көшелеріне «жасанды бұдырлық», құбыр орнату, жол тарту сынды жайттар бар. Белестіктер былтыр 2 621 тонна шөп жинап, мал азығы ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен сатылды. «Белес-Агро» ЖШС арқылы 26 тонна арзандатылған (1 тоннасы 50 мың тг) кебек те ұсынылды. 2022 жылдың басында бір ғана отбасы әлеуметтік көмек алса, жыл соңында ол жанұя бұл санаттан шықты.

байтерек (3)

-Балалар жылы аясында белестік балаларға демеушілер тарапынан көп көмек жасалды. Белестен шыққан және жергілікті кәсіпкерлер балабақшаны қоршап, ойыншықтар, төсеніштер алып берді, көп балалы отбасыға оқушыларға арналған жиһаз тарту етті . «Мектепке жол» акциясына белсене қатысты. Сол үшін оларға айтар алғысымыз зор, - деді Бақтыгүл Батырбекқызы.

байтерек (2)

Жиын барысында жайлым, септик, жолға қатысты жолданған сауалдарға аудан, ауыл әкімдері тарапынан жауаптар берілді.

Переметный ауылдық округінде де былтыр атқарылған жұмыс аз емес. Мәселен, Калинин ауылында сегіз отбасы қоныс тойын тойлады. Переметный, Калинин, Болашақ ауылдарында 41 көше шамы ауыстырылып, Мұнайшы шағын ауданындағы 23 үйдің шамдары қалпына келтірілді. Сөйтіп Калинин мен Переметный көшелерінің жарықтандырылуы 40-тан 90 пайызға дейін көтерілді. Бұйыртса биыл ол 100 пайызға жетпекші. Сондай-ақ мұнда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған қосымша 50 контейнер мен пластик бұйымдар үшін 38 жәшік қойылды. Переметный мен Қаражар ауылдарындағы қоқыс полигондары тазартылды.

байтерек (1)

Округ әкімі Алексей Герасимовтің айтуынша, былтыр аудан орталығына 620,8 млн. теңге жеке инвестиция тартылған. Оның үштен бірінен астамы «Жайық ет» ЖШС-на тиесілі. Өткен жылы 322 тұрғын (100 пайыз) жұмысқа орналасты. Қысқа мерзімді оқуға үш кісінің орнына 8 адам жіберілді, олардың бәрі де жұмыспен қамтылды.

байтерек (5)

Есептік кездесуде переметныйлықтар кейбір көшелерге жол, автобус аялдамаларын салу, абаттандыру, бұралқы иттерді жою секілді мәселелерін көтерілді. Аялдама тұрғызу, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған жәшіктері тұрған жерлерді қоршау, М.Әуезов көшесімен жүретін жүк көліктерін шектеу, жолға белгі салу сықылды мәселелерге назар аударған аудан әкімі бұл бағытта жауапты мекеме жетекшілеріне олқылықтарды жою жөнінде тапсырма берді.

 

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале