8.02.2023, 15:15
Оқылды: 21

Малды болу үшін дәнді болу керек!

Биылғы қыс – барқыттай. Шуақ мол, ауа жұмсақ. Алайда шаруа ағайын наурызда «қоянның кіретінін» естен шығарған жоқ. Сондықтан бойды босатпай, жылдағы дәстүрден жаңылмай қыстақта отыр.

 

Бұлан ауылдық округі, Жамбыл ауылындағы «Кәрім» шаруа қожалығы 2013 жылы құрылды. Шаруашылыққа қыстаққа 70 бас ірі қара, 60 бас ұсақ малмен кіріп отыр. Қыстың екі айы жылжып, жауапты мезеттер басталды. Аналық сиырлардың он шақтысы төлдеді. Қой қорада да «шу» басталды. 30 саулық қозылап үлгерді. Оларға бөлек күтім, ерекше назар керек. Жылқылар үшін дала жайлы.

IMG-20230204-WA0018

- Мал азығын өзіміз даярлаймыз. Жазғы далалық жұмыстар уақытында 2000 бума шөп дайындадық, – дейді қожалық жетекшісі Мирболат Кәрімов.

«Кәрім» -  мемлекеттің ауылшаруашылық саласын қолдауға арналған мүмкіндіктерін тұтынып отырған шаруашылық. «Қазагрофинанс» АҚ арқылы несиеге алған 82 – 1 тракторы – кәдімгідей қолғабыс, көмекші. Қожалық табынға қазақтың асыл тұқымды бұқа қосып, тұқымдық түрлендіру шараларын да атқаруда. Бірақ, Мирболат Кәрімов түбегейлі асыл тұқымды мал шаруашылығына ауысуы үшін қожалық негізгі мәселелерді шешуі тиіс деп есептейді:

- Негізгі мәселе – малдың сапалы азығы. Тұқымды мал – біздің ауылдағы малымыздан тұрқы, қоңы, бойы, салмағы, ең бастысы тәбетін жағынан артық мал. Демек, біз олардың тәбетін қанағаттандыруға, сапалы жем – шөп беруге тиістіміз. Тәбеті тоймай, ойлаған өнімді бермейді. Асыл тұқымды мал ұстайтын шаруашылық қосымша егіншілікпен айналысуы тиіс. Малды болу үшін, дәнді болу керек екен. Мақсатымыз – осы!, – дейді шаруагер жігіт.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале