8.02.2023, 17:15
Оқылды: 40

Жолдағы қауіпсіздік: қоғамның жауапкершілігі артпақ

Кейінгі кезде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 667-бабы қоғамның қызу талқысына түсті. Бұл баптың құзыреті кеңейтіліп, жолдағы қауіпсіздіктің алдын алу шаралары күшейтілді. Тәртіпке бас имей, тұрғындардың қауіпсіздігі мақсатымен жіберілген хабарламалар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ескертуін елемегендердің жауапкершілігі артпақ. Бұл мәселеге қоғамның көзқарасы қандай?

дорога алгабас

Қыс басталса, шыбын жанымызды шүберекке түйіп отыратынымыз жасырын емес. Кәрі құданың қатаң мінезі кімді болса да сергелдеңге салары анық. Әйтеуір «құтқару қызметінен» келетін хабарламалар арқылы ертеңгі күнімізге жоспар құрамыз. Ауа райының қолайсыздығы байқалса, сапарымыздан бас тартамыз. Дегенмен көлік тізгіндегендердің сапарға шығуына ауа райының нашарлығы кедергі болмайтыны бар. Өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін қатерге тігеді. Тіпті «құтқару қызметінің» хабарламасын, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ескертуін елемегендер жолда тұрып қалып, көмекке зәру болатын. Мұндайда адам баласының басына іс түспей, тәубеге келмейтіні аксиома екенін еріксіз мойындаймыз.

ҚР Ішкі істер министрлігі қаңтар айының басында ел азаматтарына қолайсыз ауа райы кезінде жолға шықпауға үндеу жариялады. Сол кездегі ҚР Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Сұлтанбаев жылдың бас кезіндегі ахуалға тоқталып, халықты тәртіпке бағынуға шақырды.

«Құрметті азаматтар! Өздеріңіз білетіндей, ауа райы Жаңа жыл мерекесінен бастап бұзыла бастады, ең қиын күндер қаңтардың 3-і мен 4-іне келді. Еліміздің тоғыз өңірінде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 79 учаскесінде көлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Осы жағдайда полиция қызметкерлері авариялық-құтқару және жол қызметтерімен бірлесіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін автокөліктердің қауіпті жол учаскелеріне шығуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдады. Өз кезегінде жекелеген жүргізушілер полиция блок-бекеттерінде енгізілген қозғалысты шектеу шараларын елемей, қауіпті жол учаскелеріне шығып кетіп отырды. Көп жағдайда осы көлік құралдары қар көшкен жерлерде қалып қойып, оларды эвакуациялау мен өмірін құтқару үшін полиция және төтенше жағдай қызметкерлері басын қатерге тігіп, ресурстарды шығындауға мәжбүр болды. Жүргізушінің көбі әрекетінің маңыздылығын, сондай-ақ өздері үшін ғана емес, жолаушылар үшін де жауапты екендерін түсінбейді», – деп сөзін бастаған ведомство өкілі заңға бағынбаған азаматтарға қандай шара қолданылатынын да тілге тиек етті. «Ауа райы нашарлаған кезде sms-хабарламалар, интернетарналар және телерадио хабарларын тарату арқылы тұрғындардың автожолдардағы жағдай туралы уақтылы хабардар етілетінін атап өту қажет. Сөз соңында көлік құралдары жүргізушілеріне тасжолға шыға берісті жапқан полицияның заңды талаптарына бағынбаған кезде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес 30 AEK немесе 103 500 теңге айыппұлдан 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы бар екенін ескерткім келеді», – деді ол.

Расында, ауа райы жөніндегі мәселеге қоғам мән бере бермейді. «Құтқару қызметі» арқылы келетін хабарламаларды да «Осы-ақ маза бермейді» деп елемейтініміз тағы бар. Ал түптеп келгенде ескертуді елемеудің арты өкінішке ұласуы мүмкін.

Біз мақаланың басында тілге тиек еткен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 667-бабына тоқталайық. Заң мәтіні мынадай:

«667-бап. Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау

  1. Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, сол сияқты олардың заңды қызметіне кедергі келтіру:

- отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді.

  1. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер: - он бестен жиырма тәулікке дейінгі мерзімге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді.
  2. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, осы Кодекстiң 50-бабының екінші бөлiгiне сәйкес әкiмшiлiк қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер:

- елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді».

Заң талабын бұзған азаматтың айыппұл көлемін есептеп көрелік. Биыл бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3 450 теңгені құрады. Егер 667-бап бойынша бірінші рет құқықбұзушылық әрекет жасаған болсаңыз – 30 АЕК, яғни 103 500 теңге айыппұл төлейсіз.

Екінші мәрте қайталанған жағдайда 15-тен 20 тәулікке дейін қамауға алынатыныңыз түсінікті. Ал әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын азаматтар: жүктi әйелдер және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдер, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ елу сегiз жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастан асқан еркектер және он төрт жасқа толмаған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер 172 500 теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі.

«Қолданыстағы заң талабын орындау жүргізушіге ғана міндеттеледі» , - дейді аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы, полиция майоры Мәрлен Қарабаев.

– ҚР Әкімшілік құқыбұзушылық кодексінің 667-бабы көлік тізгіндеген жүргізушілерге ғана қолданылады. Жолаушылардың жауапкершілігі қарастырылмаған. Бұл ретте жолаушы такси жүргізушісіне немесе өзге де көлік иесіне қолқа салған кезде такси жүргізушісі немесе жеке көлігі бар азамат ауа райы қолайсыз болса, бас тартып, жолаушыға жол қауіпсіздігін ескерткені жөн. Жолаушылар да ауа райының нашарлығы жөнінде хабарламаларға назар аударып, өзгенің де, өзінің де өмірін қатерге тікпегені абзал, – дейді ол.

Такси жүргізушілері де бұның барлығы ел азаматтарының қауіпсіздігі үшін атқарылып жатқан жұмыс деп, оң көзқарас танытып отыр.

– Шыны керек, біз жолға шығып кеткеннен кейін «құтқару қызметінен» sms-хабарлама келеді. Жол да жабылмаған. Ондай жағдайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері түсіністік танытуы керек деп есептеймін. Егер ауа райы нашар болып, жол жабылып, ескертуді елемеген болсақ, жауапкершілік артуға дайынбыз. Жолаушылар да мұны ескергені жөн деп ойлаймын, – дейді такси жүргізушісі Мержан Көпжасарұлы.

Қоғам белсенділерінің пікіріне де құлақ түрдік. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұқанғали Бектілеуов қос тараптың жауапкершілігі артса, тәртіп орнайды деп есептейді.

– Такси жүргізушісі жолаушының қажеттілігі есебінен жолға шығады. Әлгіндей ауа райының нашарлығы байқалса, жолаушы да, жүргізуші де басын қатерге тікпеуі керек. Сонда ғана тәртіп орнайды. Ешкім зардап шекпейді. Жеке көлігі бар азаматтар да заң талаптарын ескергені жөн, – дейді ел ағасы.

Қыс мезгіліндегі ауа райының нашарлығына дауыл, толассыз қар жаууы, боран, көктайғақ, қатты аяз және т.б. жатқызуға болады. Белгілі бір бағытқа жортқан жолаушының жолда қалуы да әбден мүмкін. Мұндай жағдайда төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ақ халатты абзал жандар азаматтардың өмірі үшін күреседі. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің дерегіне сүйенсек, қыс мезгіліндегі қолайсыз ауа райы кезінде алғашқы көмек көрсетуге ауданымыз дайын.

– Ауданымызда қыс мезгілінде дайындықты тексеру мақсатымен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмыс жоспарына сәйкес 2022 жылғы 24-25 қараша күндері «Қыс – 2022» республикалық командалықштабтық оқу-жаттығуы өткізіліп, аудандағы шұғыл әрекет ету жасағын көтеріп, дайындығы тексеріліп, техникаларының жарамдылығы қаралған болатын. Қолайсыз ауа райы кезінде жолда қалған жолаушыларға бірінші кезекте округ әкімдері көмек көрсетеді. Егер олардың күші жетпей жатса, аудан орталығында орналасқан Казталов мемлекеттік коммуналдық шаруашылық құқығындағы кәсіпорны техникаларын жұмылдыратын боламыз. Біздің ауданда негізгі жолда қалу оқиғалары Тереңкөл мен Жәнібек шекарасы жолында орын алады, – дейді аудандық ТЖБ басшысы, азаматтық қорғау майоры Ерген Тасқалиев.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале