8.02.2023, 18:01
Оқылды: 44

«Сенің даусың маңызды!»

Алда келе жатқан маңызды сайлау науқанына орай Ақжайық ауданының  орталығы – Чапаевта осындай тақырыппен жас сайлаушылар форумы өтті. Оған жас мамандар, ауданның белсенді қыз-жігіттері, волонтерлар, кәсіпкерлер және колледж студенттері қатысты. Жастардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, саяси белсенділігін арттыру мақсатында өткен шарада елдің тағдыры шешілетін науқаннан тыс қалмау керектігі, әр дауыстың маңызды екендігі айтылды.

IMG_5419

- Аудан бойынша 21 мың сайлаушы болса, соның 8 мыңнан астамы жастар,  яғни өздеріңіз. Жастардың әлеуеті жоғары, елімізде оларға жасалған мүмкіндіктер де кеңінен. Соған сай қыз-жігіттеріміз игі істерге ұйытқы болып, жақсы бастамаларды сәтті жүзеге асыруда. Бүгінгі форум да – соның айқын дәлелі, – басқосуда сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов.

IMG_5415

Жаңа форматта ұйымдастырылатын сайлаудың ерекшеліктері, маңызды тұстары хақында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Салауат Аймұқашев хабарлама жасады.

– Сайлау комиссияларының біртұтас жүйесін орталық сайлау, аумақтық сайлау, округтік сайлау және учаскелік сайлау комиссиялары құрайды.  Аумақтық, округтің және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлады. Ауданда қазір бір аумақтық, бір облыстық, 12 округтік және 48 учаскелік сайлау комиссиясы қалыпты жұмыс істеуде. Бұл жолғы саяси додада өзгерістер айтарлықтай – депутаттар пропорционалдық және мажоритарлық жүйе арқылы ұсынылады, – деп түсіндірген ол депутат болуға кімдердің құқығы бар, олардың тіркелу тәртібі төңірегінде кеңінен түсіндірді.

Шарада ауданның тыныс-тіршілігінен тыс қалмайтын, азаматтық ұстанымы берік, белсенді жастар өз замандастарының алдында сөз сөйледі. Мергендік жас кәсіпкер Бөбек Қалимеден, сондай-ақ аграрлық-техникалық колледж студенті Қуандық Құрманбай  әрбір сайлаудың азаматтардың саяси мәдениетін арттырып, елінің ертеңін айқындауға мүмкіндік беретінін айтты.

Ауданда жасақталған «Жас сайлаушылар клубының» жұмысы жөнінде оның төрағасы Айбар Саламат баяндама жасады.

– 2022 жылы орталық сайлау комиссиясы жанынан республикалық «Жас сайлаушылар клубы» құрылды. Аталмыш клубқа  аудандық деңгейде жастар және колледж студенттерінің басын біріктіру өте маңызды. Бұл  біздер үшін жастардың сайлау процесіне араласуы арқылы тәжірибе алмасудың үлкен мектебі болары сөзсіз. Биыл елімізде өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы, одан кейін ауыл, аудан әкімдерінің тікелей сайлаулары сынды кешенді жұмыстардың бел ортасында жастар жүру керек. Жұмысымыздың негізгі форматтары – кездесулер, дебаттар, ТЕD-х форматындағы конференциялар, әлеуметтік желіде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, жастарға түсінікті шаралар, – деді ол.

Форум қорытындысында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жұмажан Ғұмаров қатысушылардың атынан үндеу оқыды.

– Қазақстандағы әрбір үшінші сайлаушы - 35 жасқа дейінгі азамат. Сондықтан да биыл 19 наурызда  өтетін  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына  жастардың  белсенді қатысуы өте маңызды.  Ел жастарының саяси белсенділігі мен олардың сайлауға қатысу деңгейінің артқанына алдыңғы өткен президент сайлауында да  куә болдық. Ауданда «Жас сайлаушылар клубын» құруға атсалыса отырып, ел дамуы мен болашағы үшін маңызы ерекше кезең, алдағы сайлау науқанына өңіріміздің әр жас азаматын қатысып, дауыс беруге шақырамыз, – делінген үндеуде.

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале