9.02.2023, 9:00
Оқылды: 47

Ақынға арналған әдеби кеш

Осыдан 92 жыл бұрын 9 ақпанда Хан Тәңірі баурайындағы Қарасазда ақиық ақын Мұқағали Мақатаев дүниеге келген болатын.

20230208131850_IMG_5821

Кеше С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында ғұмырын поэзияға арнап, қазақ әдебиетінде өшпес мұра қалдырған ақынның туған күніне орай «Әр өлеңі – бір әлем» атты әдеби сазды кеш ұйымдастырылды.
«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!
Мына жұрттар неғып жатыр тойламай?!», - деген ақиық ақынның туған күнінде саналы ғұмырында жүрегінен шыққан туындылары ән болып орындалып, мәнерлеп оқылып, сахналанды. Қарасаздың ғана емес, қазақтың перзентіне айналған асыл ұлын халқы осылай ұлықтайды.

20230208133933_IMG_5835
Бүгінде киелі сахна төрінде казталовтық өнерпаздар ақынның «Есіңе мені алғайсың», «Қарасаз», «Туған өлкем», «Аңса, жаным», «Бақыт деген», «Ұнатамын мен сені», «Мен деп ойла», «Сен көріктісің», «Құмған алған» өлеңдеріне жазылған әндерді шырқап, «Шыда, шыда», «Жоқ дәрігер», «Шәмілге жазған хаттардан» туындыларына жан бітіріп, ақынның жүрегін жарып шыққан шерін көрерменге жеткізе белді. Әдеби-сазды кеште тек ақынның шығармашылығы ғана көрініс таппай, Құрманғазының «Адайы» орындалып, халықтық «Қарлығаш» би ансамблі «Бала ойыны» биімен көрерменнің қошеметіне бөленді. Аудандық мәдениет үйінің әншісі, өнер жанашыры Аягүл Жанболатқызы кеш хақында мынадай пікірімен бөлісті:
-Қазақ халқында ықылым заманнан бері текті перзенттер дүниеге келген. Мұқағали кешегі ХХ ғасырдың ұлы ақындарының бірі десек артық болмас. Оның махаббат лирикасы, отанға деген сүйіспеншілігі, отбасына деген махаббаты бүгінгі ұрпаққа үлгі. Біз әр отырыста, әр шығармашылық кеште оның туындыларын орындап, дәріптеп жүреміз-ау. Бірақ, ән әлемінің сырына үңілетіндер некен-саяқ. Осындай әдеби-сазды кешке көрермен көптеп тартылып, қайсы бір автордың шығармашылығына үңілер болса, ойша зерттеп, зерделеп, бір ой түйер еді. Ал Мұқағалидың шығармашылығы бірді емес, миллиондарды ойландырды, толғандырды, - деді ол.

20230208132901_IMG_5829
Әдеби-сазды кеште өнерге құрметі шексіз жандар көрермен залынан табылып, Мұқағали шығармашылығының уылына сапар шекті.

 

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале