Күні кешегі Кеңес дәуірінің кереғар саясатының салдарынан тарих бетінде қалдырған Ауған соғысының аяқталғанына 15 ақпанда 34 жыл толды. Осы орайда Ақсай қаласының Бөрлі тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Ауғанстан жүректегі жара» атты ауданның интернационалист-жауынгерлермен кездесу өтті.
Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында өткен кеште аудадағы ауған соғысының ардагерлері Талғат Акашаев, Ғарифулла Жүнісов және Салауат Баймуханов Ақсай қаласының №6 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушыларымен кездесті.
Көрермен назарына «Ауған соғысы: отқа оранған он жыл» атты бейнеролик ұсынылды. Жиынға қатысушылар ыстық нүктеде өз өмірін қиған, қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне минуттық үнсіздік жариялады.
Алғаш сөз алған музей меңгерушісі З.Менешева шараның мәні мен маңызына кеңірек тоқталды.
Өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан жауынгерлер соғыс кезінде көрген қиыншылықтары мен бастан кешірген оқиғаларымен бөлісіп, сұрақ-жауап алысып, оқушылармен әсерлі әңгіме жүргізді.
Тағылымы мол кездесу барысында аталған мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Ә.Молдағалиева шәкірттерімен АК-74 автоматын толық емес бұзу, жинау әдісін көрсетті.
Кеш қонақтарына ән мен жырдан шашу тарту етіліп, естелік сыйлықтар табысталды.
Зумрад Менешева,
Бөрлі ауданының тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі