Казталов ауданындағы Ақпәтер жалпы орта білім беретін мектебінің facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан мектептің мұғалімі, жас әнші Бауыржан Меңдештің «Ауыл бар атты Ақпәтер» әніне түсірілген бейнебаянның жарық көргенінен хабардар болдық.
Бейнебаянға назар аударып, ауылдың тыныс тіршілігі мен кәрі-жасын қазаққа паш еткен ақпәтерлік перзенттің өнеріне тәнті болдық. Ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Парасат» орденінің иегері Дариға Мұштанованың «Ауыл бар атты Ақпәтер» өлеңіне жергілікті компазитор, «Ерен еңбегі үшін», «І дәрежелі Еңбек даңқы» медалдарының иегері Баян Қабиева ән жазып, қос арудың жүрек жарды туындысы қазақ даласын шарлады. Енді міне Бауыржан Меңдеш те туған жерге құрметін әнді нақышына келтіре орындап, бейнебаян арқылы көрсетіп отыр.
-Жалпы ән әлеміне сонау бала кезден қызығушылық таныттым. Жаны пейіште болғай анамның жетектеуімен 5 сынып оқып жүргенде домбыраны қолға алып, терме үйрендік. Анам мені ұстазым Жәнібек Рашиденұлына тапсырып, ұстазымыздан алған білімді бойға сіңіріп, ән әлемінде қалықтадық. Бүгінде жеке шығармашылығымда 10-нан аса ән болса, соның екеуіне бейнебаян түсірдім. Оның алғашқысы махаббат тақырыбына арналған «Сағындым сені» әніне түсірілсе, екіншісі туған ауылымның 90 жылдық мерейтойына арналған «Ауыл бар атты Ақпәтер» бейнебаяны. Бейнебаянды 2022 жылдың мамыр айында түсірген болатынбыз, - деді бейнебаян авторы.
«Ауыл бар атты Ақпәтер» әні сонау 1992 жылы Ақпәтердің 60 жылдық мерейтойына орай жарық көрген тарихи туынды десек артық айтқандық болмас. Енді міне 30 жылдан кейін қайта жаңғырып, жаңа форматта, жаңа орындауда көрерменге жол тартып отыр. Ақпанның жетісі You Тube желісіне жүктелген бейнебаян бір күннің өзінде 2 700-ге жуық қаралым жинаса, 500-ден аса адамның көңілінен шыққан.
Бауыржан Меңдешұлы тек әнші ғана емес, атақ пен даңққа құмартпаған қарапайым мұғалім. Өнері мен білімін шәкірттеріне үйретіп, ғұмырын ұстаздық жолына арнаған азамат. Бүгінде ұлағатты ұстаздың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде биік белестерді бағындырып жүр.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz