9.02.2023, 17:45
Оқылды: 41

Мұғалім, дәрігер, электрикке сұраныс көп

Бәйтерек ауданы Переметный ауылында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

803b5ea2-f5b9-4aab-9988-2291a3e2a524 (1)

Аудандық прокуратура мен аудандық пробация қызметінің қолдауымен болған шараның мақсаты - жұмыссыз, пробация есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналасуына ықпал жасау, жұмыссыздар санын азайту.

Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан алынған мәліметке қарағанда, жәрмеңкеде 12 мекеме-кәсіпорын 42 бос жұмыс орнын ұсынды, 43 жергілікті тұрғын келді. Үш адам жұмысқа орналасса, екеуі қоғамдық ақылы жұмысқа келісті, екеуі жастар практикасы негізінде қызмет тапты. Ал 43 адам кеңес алды.

14b8b6b6-059c-4993-9399-e9e39a23ab27

Бұл жәрмеңкеде  жұмыс ұсынған мекеменің бірі - Атамекен ауылдық округі әкімінің аппараты. Мұндағы бас маман Ақерке Досказиеваның айтуынша, мекемеде 15 қызметкер бар. Соның бірі - аудармашы лауазымындағы маман декреттік демалысқа кетуіне байланысты олар уақытша қызметке маман іздеп жәрмеңкеге қатысқан. Орташа жалақысы 70-80 мың теңге. Бұл орынға 1997 жылы дүниеге келген Салихан Шәмешов орналасқан екен. Бұрын «Авангард» ЖШС-ында қызмет атқарған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің жұмыссыз жастар үшін өте тиімді екенін, жұмыс таппағанның өзінде мұнда көп пайдалы кеңес алуға болатынын тілге тиек етті.

Иә, жәрмеңкеге келгендердің назарына мемлекеттік бағдарламалар, қысқа мерзімді оқытулар, кәсіп ашу, грант алу бағыттары бойынша консультациялық қызмет ұсынылады.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Нұрсәуле Есенғалиеваның айтуынша, жәрмеңкеде негізінен ең көп сұранысқа ие мамандықтардың ішінде мұғалім, дәрігер, электрик, жүргізуші бар.

Айта кетейік, былтыр осындай төрт жәрмеңке өтті. Оған ауданның 44 мекеме-кәсіпорны қатысып, 202 жергілікті тұрғын тартылды (олардың ішінде жұмыспен қамту орталығында есепте тұрғандар да бар). Нәтижесінде 42 адам тұрақты жұмысқа орналасты, екеуі жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа тұрды.

Биыл осындай тағы да үш рет бос орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда.

Нұрсәуле Әбілпейсова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале