Сырым ауданында еркін күрестен жасөспірімдер арасында ашық облыстық турнирі өтті.
Бұлдырты ауылында өткен турнир «Қазақстан Республикасыны еңбегі сіңірген жаттықтырушы» Асқар Сәукелин және «Еркін күрестің ардагері» төсбелгісінің иегері, жоғары санатты дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Ермек Орынбасаровтың зейнеткерлік жасқа толуына арналды.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, мерейтой иелері, достары мен туыстары қатысты.
Турнир мемлекеттік гимн ойнап, көк байрағымыз көтерілуімен басталды. Қатысушы командалар таныстырылып, қошеметпен ортаға шақырылды.
Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев Асқар Сәукелин мен Ермек Орынбасаровтың иықтарына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Батыс Қазақстан облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Әскербек Нұрмұханов Асқар Төлегенұлы мен Ермек Елеусізұлына Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың атынан алғыс хат табыс етті.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Ахмет зейнеткерлік жасқа жеткен Бұлдырты мектебінің жоғары санатты дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Ермек Орынбасаровқа құтықтау хат табыс етті. Ермек Орынбасаров отбасы атынан бірқатар қонаққа шапан кигізіп, сый-сияпат тарту етті. Еркін күрестің қос ардагеріне шәкірттері де шапан жауып, ат мінгізді.
Шараға қатысушы басқа да қонақтар сөз сөйлеп, зейнет жасына жеткен мерейтой иелерін құтықтады.
Турнирге Ақтөбе облысының Ембі, Қобда аудандары, Ақтөбе қаласы, Атырау облысының Құлсары, Индер аудандары, Атырау қаласы және өңіріміздің Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Казталов, Шыңғырлау, Сырым аудандары, Орал қаласынан барлығы 13 команда қатысты.
Екі күнге созылған тартысты да таласты ойын нәтижесінде 35 келі салмақпен бозкілемде белдескен Еламан Мейрамбекұлының асығы алшысынан түсіп, бірінші орынды жеңіп алды. Бөрліден келген Семен Епищенко ІІ орын тұғырынан көрінсе, ақжайықтық Алихан Бейбіт пен оралдық Бекарыс Ихсан ІІІ орындарды бөлісті.
32 келі салмақ дәрежесінде Атырау облысы Құлсары ауданының Мансур Еркін есімді жауырыны жерге тимеген жас балуаны І орын тұғырына көтерілді. ІІ орынға Бақыт Хусаинов (Бөрлі), ІІІ орынға Дияс Пашковский (Қобда) мен Есбол Серік (Ембі) ие болды.
2010-2011 жылғы балғын балуандар арасында 29 келі салмақтағы І орын алған ақжайықтық Джафар Қабдоллаға ешкім шақ келмеді.
Бұлдыртылық Ернар Бисенғали ІІ, ақтөбелік Артем Александров пен бөрлілік Санжар Сахипов ІІІ орындарды қанағат тұтты.
Осы салмақтағы бәсекеде 2012-2014 жылғы балуандар арасында қобдалық қонақ Әділет Жақсылықов айқын басымдықпен көзге түсіп, жеңіске жетті. Ақтөбе қаласының жас спортшысы Аңсар Базарғали екінші сатыға жайғасты. Хасан Омаров (Орал) пен Абулазиз Жұмағали (Ембі) үшінші орынға табан тіреді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz